Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде бірқатар маңызды мәселелер талқыланды. Күн тәртібіне электр жүйелерін жетілдіру, жол-көлік инфрақұрылымын дамыту және цифрландыру шаралары енгізілді.
«Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС бас директоры А.Махамбет мегаполис аумағындағы электр жүйелерінің жағдайы туралы баяндады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша желілердің физикалық тозу деңгейі 57%-ды құрады. Қала басшысы әлеуметтік маңызы бар нысандарда баламалы энергия көздерін пайдалануды арттыру және «Қызыл Су» қосалқы станциясының құрылысын бастау жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Р. Ибрагимов 2025 жылға арналған инфрақұрылымдық даму жоспарларымен бөлісті. Қалада жалпы ұзындығы 45,7 шақырым болатын 15 ірі жоба жүзеге асырылуда. Сонымен бірге, бір көпірдің және алты көшенің күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Оған қоса, 323 көшеде орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қала әкімі көше жарығын толық қамту және барлық жұмыстарды сапалы әрі уақытылы аяқтау жөнінде тапсырмалар жүктеді.
Цифрландыру басқармасының басшысы М.А. Кемелов атқарылған жұмыстар және өзекті мәселелер бойынша есеп берді. Сонымен бірге цифрлық қызметтерді енгізу бойынша ұсыныстарын жеткізді. Ғ. Әбдімәжитұлы бейнебақылау камераларын көбейту және халыққа пайдалы жаңа жобаларды іске асыру бойынша нақты міндеттер қойды.
Аппарат мәжілісінің қорытындысында қала басшысы аталған бағыттар бойынша жұмыстарды күшейтіп, олардың тиімді орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.