Шымкентке Еуропа елдерінің елшілері сапармен келді

Шымкентке Еуропа елдерінің елшілері сапармен келді
— деп хабарлайды Arysinfo.kz.

Шымкент қаласы мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында үшінші мегаполиске Еуропа елдерінің 18 елшісінен құралған делегация ресми сапармен келді. Делегация құрамында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, ЕО-ның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Симкич Алешка, сондай-ақ Аустрия, Ұлыбритания, Германия, Швеция, Финляндия, Швейцария, Польша, Кипр, Португалия және басқа да елдердің елшілері мен ресми тұлғалар болды.

Сапар “Шым қала” тарихи-мәдени кешенінен басталды. Бұдан соң делегация “Сейітжан Қари” мешітін аралап, М.Әуезов атындағы ОҚУ-де білім алушылармен кездесті. “Жаһандық серіктестік үшін білім беру дипломатиясын дамыту” тақырыбындағы кездесу аясында елшілер мен студенттер ашық диалог құрып, университет алаңында ағаш отырғызу рәсіміне қатысты. Бұл символдық шара достық пен ынтымақтастықты білдірді.

Еуропалық делегация қаладағы өндірістік нысандармен де танысты. “Santo”, “BalTextile” және “KazAlpack” секілді алдыңғы қатарлы кәсіпорындарға барған қонақтар олардың технологиялық әлеуеті мен экспортқа бағытталған өнімдеріне жоғары баға берді.

Сапардың соңында делегация жаңа атшабар кешеніне барып, ұлттық спорт түрлерінен өткен сайыстарды тамашалады. Көкпар, теңге ілу мен жамбы ату секілді жарыстар еуропалық қонақтарға халқымыздың бай дәстүрі мен мәдениетін паш етті.

Аталған сапар Шымкент пен Еуропа елдері арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және дипломатиялық байланыстарды одан әрі дамытуға серпін береді.

Ұқсас жаңалықтар

Шымкентте 8,7 шақырым жолға асфальтбетон қабаты төселді

Облыстық сот ұжымы аудандық соттың судьяларын отставкаға шығарып салды

berdaly_oraz

Жамбыл облысында мотоцикл жүргізушісі пышақ жарақатымен ауруханаға түсті

berdaly_oraz

Пікір жазу