Шымкент қаласының Нұрсәт шағынауданында орналасқан “ZIMA” түнгі клубына қатысты тексеру барысында бірқатар заңбұзушылықтар анықталып, мекеме жұмысы уақытша тоқтатылуы мүмкін. Бұл туралы қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы хабарлады.
Аталған мекенжай – Бәйдібек би даңғылы №36А (бұрынғы “Шахан”, “Sultan” супермаркеті) – бастапқыда әлеуметтік-мәдени мақсатта пайдалануға арналған. Алайда жалпы ауданы 1359 шаршы метрді құрайтын ғимарат рұқсатсыз қайта жабдықталып, түнгі клуб ретінде қолданылып келген. Құрылыс және қайта жабдықтау жұмыстары жоба-сметалық құжаттамасыз, сараптамадан өтпей, техникалық әрі авторлық бақылаусыз жүргізілген.
Басқарма өкілдері анықтағандай, ішкі құрылым толық өзгертіліп, нысан бастапқы мақсатына сай емес қызметке көшкен. Осыған байланысты нысан иесіне ҚР ӘҚБтК-нің 316-бабы (“Құрылыс нормаларын бұзу”) және 463-бабының 1-бөлігі (“Рұқсатсыз қызмет”) бойынша әкімшілік іс қозғалды. Материалдар сотқа жолданды.
Қазіргі уақытта басқарма тарапынан түнгі клубтың жұмысын тоқтату туралы ресми нұсқама берілді.