Сталкинг – адамның еркінен тыс оны аңду, қудалау, үздіксіз мазалау немесе қажетсіз байланыс орнатуға тырысу. Қазақстанда бұл әрекет қылмыс болып саналады және заңмен жазаланады. Құқық бұзушыларға айыппұл салу, қамауға алу сияқты шаралар қолданылады.
Сталкингке үнемі аңду, үйі мен жұмыс орнын торуылдау, қайта-қайта қоңырау шалу немесе хабарлама жіберу, әлеуметтік желіде мазалау, жеке мәліметтерін жинау, қажетсіз сыйлықтар жіберу секілді әрекеттер жатады. 2026 жылдың алғашқы бес айында Түркістан облысында сталкинг бойынша 10 қылмыстық іс тіркелген. Оның ішінде Түркістан қаласында – 4, Шардарада – 2, Жетісай, Қазығұрт, Келес және Сарыағаш аудандарында бір-бірден дерек анықталған.
Егер сіз немесе жақыныңыз сталкингке тап болса, барлық дәлелдерді сақтап, хат-хабарлардың скриншоттарын жинаңыз, құқық бұзушыны бұғаттаңыз және міндетті түрде 102 немесе 111 нөміріне хабарласыңыз. Жеке қауіпсіздікке немқұрайлы қарамай, мұндай жағдайларды дер кезінде құқық қорғау органдарына жеткізу – өзіңізді қорғаудың ең тиімді жолы.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті
