ТАЗА ҚАЗАҚСТАН: ТАЗАЛЫҚ – НАУҚАН ЕМЕС, ӘР АЗАМАТТЫҢ АЗАМАТТЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ

Тазалықты сақтау – бір күндік сенбілікпен немесе арнайы ұйымдастырылған акциямен шектелетін жұмыс емес. Ол – әр адамның күнделікті өмір салтына айналуы тиіс ортақ міндет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасының негізгі мақсаты да – қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің тазалығын қамтамасыз ету және қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру.

Бүгінде бұл бастама аясында Түркістан облысының барлық аудандарында абаттандыру, көгалдандыру, қоғамдық орындарды тазарту және қоршаған ортаны қорғау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен тазалық мәселесін тек коммуналдық қызметкерлер мен жауапты мекемелердің міндеті деп қарастыруға болмайды. Өйткені көшенің тазалығы да, ауланың көркі де, табиғаттың келешегі де ең алдымен тұрғындардың жауапкершілігіне байланысты.

Өкінішке қарай, кейбір азаматтардың қарапайым тазалық талаптарын сақтамауы әлі де өзекті мәселе болып отыр. Қоқысты белгіленбеген жерге төгу, құрылыс қалдықтарын бей-берекет қалдыру, күл-қоқысты көшеге шығару, қоғамдық орындарға немқұрайлы қарау – қоршаған ортаның ластануына әкелетін әрекеттер.

Мұндай келеңсіздіктерге көз жұма қарауға болмайды. Тазалық мәдениеті қалыптасқан қоғамда әр азамат өзінен бастау алып, өзгеге де үлгі көрсетуі керек. Себебі бір адамның салғырттығы тұтас көшенің, тіпті елді мекеннің экологиялық жағдайына кері әсер етуі мүмкін.

«Таза Қазақстан» бағдарламасының тағы бір маңызды бағыты – көгалдандыру. Ағаш отырғызу, жасыл аймақтарды көбейту, саябақтар мен аулаларды абаттандыру тек елді мекеннің сыртқы келбетін жақсарту үшін ғана емес, қоршаған ортаның саулығы үшін де қажет.

Алайда ағаш отырғызумен жұмыс бітпейді. Оны күтіп-баптау, уақытылы суару, өсуіне жағдай жасау – ортақ жауапкершілік. Әрбір отырғызылған көшет келешек ұрпаққа қалатын табиғи мұра екенін ұмытпауымыз керек.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыруда жастардың рөлі ерекше. Мектептен бастап тазалыққа баулу, табиғатты аялауға үйрету, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатыстыру – болашаққа салынған инвестиция.

Жастар тек сенбілікке қатысушы емес, қоғамдағы оң өзгерістердің қозғаушы күші болуы тиіс. Қоқысты кез келген жерге тастамау, табиғатқа зиян келтірмеу, қоғамдық мүлікті бүлдірмеу, айналасын таза ұстау – нағыз азаматтық ұстанымның көрінісі.

«Таза Қазақстан» – тек тазалық акциясы емес, қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған маңызды бастама. Оның нәтижесі өткізілген сенбіліктердің санымен немесе жиналған қоқыстың көлемімен ғана өлшенбеуі керек. Ең басты көрсеткіш – тұрғындардың қоршаған ортаға деген көзқарасының өзгеруі.

Тазалықты талап ету оңай, ал оны сақтау – үлкен жауапкершілік. Сондықтан әр азамат өз ауласынан, өз көшесінен, өзінен бастауы қажет.

Таза көше – таза қала. Таза қала – таза қоғам. Ал таза қоғамды қалыптастыру әрқайсымыздың қолымызда!

                                                                                                                                                       Сандуғаш СЕЙІЛХАН                                                                                                                                                                                 меншікті тілші

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ТҰРАҚТЫ КОМИССИЯСЫНДА СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЕСЕБІ ТЫҢДАЛДЫ

Redaktor Arysinfo

Түркістанда 729 азамат қайтарымсыз грант жеңіп алды: жаңа бизнеске жол ашылды

Redaktor Arysinfo

Все многоквартирные дома Казахстана внесут в единый реестр: государство начнёт видеть реальное состояние жилья

Redaktor Arysinfo