Жетісай ауданына қарасты Ж. Ералиев ауылдық округінде елге үлгі боларлық игі іс жүзеге асты. «Дәуір» жалпы орта мектебінің түлектері туған ауылына ерекше тарту жасап, балаларға арналған заманауи ойын алаңшасын салып берді. Бұл нысан оқу жылының аяқталуы қарсаңында пайдалануға беріліп, ауыл тұрғындарының ортақ қуанышына айналды.
Жаңа ойын алаңшасында түрлі жаттығу құралдары орнатылған. Мұнда волейбол алаңшасы да қарастырылған. Сонымен қатар, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау камералары қойылған.
Түлектердің бірлігі мен туған жерге деген жанашырлығының арқасында жүзеге асқан бұл бастамаға көпшілік дән риза. Енді ауыл балалары бос уақытын телефонға телміріп өткізбей, таза ауада ойнап, спортпен шұғылдануға мүмкіндік алып отыр,- дейді ауыл тұрғындары.
Айтулы шара барысында түлектер кішкентай бүлдіршіндерге тәттілер таратып, сый-сияпат жасап, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Бұл нысанның басты мақсаты – өскелең ұрпақтың спортқа деген қызығушылығын арттыру. Осындай игі істер арқылы жастар туған жердің дамуына өз үлесін қосып, елге деген сүйіспеншілігін нақты іспен дәлелдеп көрсетіп отыр.
«Туған жерге туыңды тік» деген дана сөз бекер айтылмаған. Шынайы патриотизм – адамның кіндік қаны тамған жеріне деген құрметінен, туған ауылына деген жанашырлығынан бастау алады», – дейді демеушілер
