Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында Түркістан облысында қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді көгалдандыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.
Осы орайда Түлкібас ауданында жасыл желек көлемін арттыруға бағытталған «Түлкібас тұқымбағы» жаңа жобасы іске қосылды. Бастаманың негізгі мақсаты – сәндік ағаш көшеттерін жергілікті жерде өсіріп, ауданның барлық елді мекенін көгалдандыруға қажетті көшет қорын қалыптастыру.
Тұқымбақтың ашылу салтанатына аудан әкімі Асқар Естібаев пен ауыл ақсақалдары қатысып, игі бастаманың маңыздылығына тоқталды.
Мұнда шынар, каштан, қарағай және өзге де сәндік ағаш түрлерінің көшеттері өсіріледі. Бұл өз кезегінде аудан көшелерін, саябақтары мен қоғамдық орындарын көгалдандыру жұмыстарын сапалы әрі тұрақты жүргізуге мүмкіндік береді.
Жобаның келесі кезеңінде, алдағы көктемде тұқымбақ аумағында арнайы жылыжайлар салынып, қажетті инфрақұрылым қалыптастырылады. Атап айтқанда, суару және жарықтандыру жүйелері жүргізіліп, бейнебақылау камералары мен қарауылхана орнатылады.
Жоба толық қуатына енген кезде ауданның көшетке деген сұранысын жергілікті өнім есебінен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Бұл сырттан көшет сатып алуға тәуелділікті азайтып қана қоймай, көгалдандыру жұмыстарын үздіксіз жүргізуге жол ашады.
«Түлкібас тұқымбағы» – жай ғана көшет өсіретін орын емес, ауданның экологиялық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды бастама. Жасыл желекті көбейту, табиғи ортаны сақтау және келер ұрпаққа көрікті мекен қалдыру жолындағы бұл жоба «Таза Қазақстан» бағдарламасының мақсаттарымен үндеседі.
