ТҮЛКІБАСТЫҢ 2006 ЖЫЛҒЫ ТҮЛЕКТЕРІ МҰҚТАЖ ОТБАСЫҒА ТОҒЫЗЫНШЫ БАСПАНАНЫ ТАБЫСТАДЫ

Түлкібас ауданы тұрғындары тағы бір тағылымды әрі жүрекке жылу сыйлаған игі істің куәсі болды. Т.Рысқұлов ауылы мектептерінің 2006 жылғы түлектері тоғыз жылдан бері жалғасып келе жатқан қайырымдылық дәстүрін биыл да жалғастырып, баспанаға мұқтаж отбасыға жаңа үйдің кілтін табыстады.

Бұл жолы қайырымды істің шапағаты аудан тұрғыны, үш баланың анасы Салтанат Тұрсынбайға бұйырды. Денсаулығына байланысты ауыр сынақты бастан өткерген жалғызбасты ана бүгінде жұмыссыз отыр. Оның үстіне үшінші перзентінің мүгедектігі бар. Осындай қиын жағдайда қолдау көрсеткен түлектердің жанашырлығы көпшілікке үлгі болды.

Түлектер табыстаған бұл баспана – олардың тоғыз жыл ішінде мұқтаж жандарға сыйлаған тоғызыншы үйі. Бұл бастама жастардың туған жерге деген жанашырлығын, азаматтық жауапкершілігін және бірлікке негізделген тәрбиесін айқын көрсетеді.

Салтанатты рәсімге Асқар Естібаев арнайы қатысып, 20 жыл бұрын мектеп бітірген азаматтардың ұйымшылдығы мен елге деген жанашырлығына жоғары баға берді. Аудан әкімі жаңа қоныс иелеріне сый-сияпат табыстап, игі іске үлес қосқан азаматтарды Алғыс хатпен марапаттады.

Іс-шара барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәтбай Қасымбек, аудандық мәслихат төрағасы Серғали Сәрсенбаев және ұстаздар сөз сөйлеп, шәкірттерінің елге жанашыр, мейірімді азамат болып қалыптасқанына ризашылықтарын білдірді.

Айта кетейік, Салтанат Тұрсынбай сырқаттан бұрын мектепте қызмет атқарған. Ол өзіне көмек қолын созған 2006 жылғы түлектерге және қиын сәтте қолдау көрсеткен аудандық орталық аурухана ұжымына шынайы алғысын жеткізді.

Бұл игі бастама – қоғамдағы жанашырлық пен бірліктің, адамға деген қамқорлықтың нақты көрінісі. Туған жерін ұмытпай, мұқтаж жандарға демеу бола білген азаматтардың әрекеті көпшілікке өнеге екені сөзсіз.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан облысы туризм саласына шетелдік инвестиция тартуда

Төлебилік кәсіпкер тоғандарда 80 тоннаға жуық балық шабақтарын өсіруде

ТҮРКІСТАН: КЕНТАУ ҚАЛАСЫНДА «ҚҰҚЫҚ БҰЗУ-ТРЕНД ЕМЕС» ТАҚЫРЫБЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Redaktor Arysinfo