15 қыркүйектен бастап Қазақстанда тұмауға қарсы вакцинация басталады. Дәрігерлер әсіресе қауіп тобына кіретін азаматтарды екпе алуға шақырып отыр. Бұл жолы «тұмау ғой, өзі өтіп кетеді» деп салғырт қараудың салдары ауыр болуы мүмкін.
Күз келісімен тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекциялардың таралу қаупі артады. Әсіресе балалар, қарттар, жүкті әйелдер мен созылмалы ауруы бар адамдар үшін маусымдық инфекция жай ғана бірнеше күндік жайсыздықпен шектелмеуі мүмкін.
Осыған байланысты елде тұмауға қарсы профилактикалық жұмыстар күшейтіледі. 15 қыркүйектен бастап вакцинация басталып, бірінші кезекте тәуекел тобына жататын азаматтар қамтылады. Олардың қатарында медицина қызметкерлері, созылмалы ауру бойынша диспансерлік есепте тұрғандар, балалар, мектеп оқушылары, жүкті әйелдер мен егде жастағы адамдар бар. Сонымен бірге жабық үлгідегі және әлеуметтік қорғау мекемелерінде тұратын азаматтарға да басымдық беріледі.
«Тұмау емес пе?» деп немқұрайды қарауға болмайды
Тұмаудың қауіптілігі оның таралу жылдамдығында ғана емес, асқыну мүмкіндігінде. Сондықтан вакцинацияның мақсаты — аурудың алдын алу және эпидемиялық маусымда медициналық ұйымдарға түсетін салмақты азайту.
Астанада бұл кезеңге дайындық қазірдің өзінде басталған. Емханаларда ЖРВИ белгілері бар адамдарды қабылдайтын сүзгі және шұғыл көмек кабинеттері жұмыс істейді. Жұмыс күндері олар 08:00-ден 20:00-ге дейін, ал демалыс және мереке күндері 08:00-ден 18:00-ге дейін қызмет көрсетеді.
Бір жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерге ерекше назар аударылады. Қажет болған жағдайда мобильді бригадалар үйге барып медициналық көмек көрсетеді.
Мектептерде де бақылау күшейеді
Тұмау маусымында балалар арасындағы аурушаңдықтың өсуі білім беру ұйымдарына да қосымша талап жүктейді.
Мектептер мен балабақшаларда күнделікті сабаққа қатысу мониторингі және таңертеңгі сүзгі жүргізіледі. Егер бір сынып оқушыларының 30 пайызы немесе одан да көп бөлігі ауырса, сыныпты уақытша қашықтан оқыту форматына ауыстыру қарастырылған.
Бұл шаралардың барлығы бір ғана мақсатқа — инфекцияның жаппай таралуына жол бермеуге бағытталған.
Вакцина ғана емес, жауапкершілік те маңызды
Мамандар тұрғындарға адам көп жиналатын орындарда сақ болуды, қолды жиі жууды, бөлмені желдетуді және аурушаңдық өршіген кезде көпшілік орындарға баруды шектеуді ұсынады.
Ал дене қызуы көтеріліп, жөтел, тамақ ауруы, мұрыннан су ағу немесе әлсіздік байқалса, ауруды елемей жүре беруге болмайды. Өздігінен ем қабылдамай, тұрғылықты жердегі емханаға немесе сүзгі кабинетіне жүгінген жөн.
Тұмау маусымы — жыл сайын қайталанатын құбылыс. Бірақ оның салдарын азайту әр адамның өз жауапкершілігіне де байланысты. Екпе алуға мүмкіндігі бар азаматтың алдын ала сақтануы — өз денсаулығын ғана емес, айналасындағыларды да қорғаудың бір жолы.
