Түркістан облысында импортты алмастыруға бағытталған өндірістер қатары тағы бір маңызды жобамен толықты. «Turan» арнайы экономикалық аймағында «Qaz Natural Laminat» ЖШС-нің заманауи ламинат өндіретін зауыты іске қосылып, өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға жаңа серпін берді.
Салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту және импортты алмастыру жөніндегі тапсырмалары өңірде нақты жобалар арқылы жүзеге асып жатқанын айтты.
Облыс әкімінің мәліметінше, соңғы үш жылда Түркістан өңіріне 1,5 триллион теңгенің импорттық тауары жеткізілген. Жүргізілген талдау нәтижесінде оның 73 миллиард теңгесіне тең өнімді өңірдің өзінде өндіруге мүмкіндік бары анықталған. Осы мақсатта өткен жылы жалпы құны 176 миллиард теңгені құрайтын 31 инвестициялық жоба іске қосылса, бүгінде жалпы құны 280 миллиард теңге болатын тағы 39 жоба жүзеге асырылып жатыр.
Жаңа зауыттың жалпы инвестициялық құны – 5 миллиард теңге. Кәсіпорын жылына 840 мың шаршы метр ламинат өндіруге қауқарлы. Алғашқы кезеңде 65 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, өндірістің екінші кезеңі аяқталған соң бұл көрсеткіш 150 адамға дейін өседі.
Жоба еліміздің құрылыс материалдары нарығын сапалы отандық өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар кәсіпорын алдағы уақытта өнімдерін Орталық Азия елдері мен өзге де сыртқы нарықтарға экспорттауды жоспарлап отыр.
«Qaz Natural Laminat» ЖШС директоры Луо Ионг кәсіпорынның халықаралық стандарттарға сай заманауи технологиялармен жабдықталғанын айтып, жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткен Үкімет пен Түркістан облысының әкімдігіне алғыс білдірді.
Жаңа өндіріс орны – Түркістанның өндірістік әлеуетін күшейтіп, өңірдің экспорттық мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған маңызды қадам. Облыста алдағы уақытта да жаңа өндіріс орындарын ашу және инвесторларға қолайлы жағдай жасау жұмыстары жалғасады.
