Қазығұрт ауданында экологиялық мәдениетті орнықтыру және тұрғындардың тазалыққа деген жауапкершілігін күшейту мақсатында «Таза Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде жалпыаудандық сенбілік ұйымдастырылды.
Аудан әкімі Азизхан Исмаиловтың тапсырмасына сәйкес тазалық шарасы барлық ауылдық округтерде бір уақытта өтті. Оған мемлекеттік қызметшілер, білім, денсаулық сақтау, мәдениет саласының өкілдері, жастар және жергілікті тұрғындар белсенді қатысты. Ортақ іске жұмылған жұрт елді мекендердің келбетін жақсартып қана қоймай, ауызбіршіліктің үлгісін көрсетті.
Аудан басшысы сенбілік барысын жеке бақылап, атқарылған жұмыстармен танысты. Ол тазалық жұмыстары бір реттік науқан емес, тұрақты жүргізілуі тиіс маңызды міндет екенін атап өтіп, тұрғындарды қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарауға шақырды.
Сенбілік кезінде көшелер мен аулалар, саябақтар және қоғамдық орындар қоқыстан тазартылды. Ғимараттардың қасбеттері ретке келтіріліп, қураған ағаштар мен бұталар кесілді, арық жүйелері тазаланды. Сонымен қатар көгалдандыру және абаттандыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды.
Жиналған тұрмыстық және құрылыс қалдықтары арнайы коммуналдық техникалармен шығарылып, белгіленген полигондарға жеткізілді.
