Түркістан: Нұралхан Көшеров Мақтааралдағы мақта өңдеу кәсіпорындарымен танысты

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Мақтааралға жасаған жұмыс сапары барысында аймақтағы мақта кластерін дамыту мақсатында іске асырылып жатқан өндірістік нысандармен танысты. Аймақ басшысы «Cotton Makta» ЖШС мақта шикізатын өңдеу зауыты мен «Хамро ата» ЖШС мақта майын өңдеу зауытының жұмысы туралы ақпарат алды.

«Cotton Makta» ЖШС зауыты 2016 жылдан бері жұмыс істеп келеді және 2023 жылы Қытайдан әкелінген заманауи құрал-жабдықтармен толықтай жаңартылды. Зауыттың жылдық өндірістік қуаты шамамен 90 мың тонна. Қазіргі таңда 150 адам тұрақты жұмысқа орналасқан, ал маусымдық кезеңде қосымша 100 жұмыс орны ашылады. Жобаның жалпы құны 3 млрд теңге. Биыл зауыт 57 мың тонна мақта шикізатын қабылдап, 800-ден астам шаруа қожалықпен келісімшарт жасаған. Қабылданған мақта шикізатының бағасы сорттық ерекшелігіне байланысты 250–270 теңге аралығында болды. Қазіргі уақытта 13 мың тонна мақта талшығы өңделіп, өнімнің 80 пайызы Қытайға, қалған бөлігі Түркияға экспортталған.

Сонымен қатар, «Хамро ата» ЖШС мақта майын өңдеу зауытының құрылыс жұмыстары 80 пайызға аяқталған. Зауытты іске қосу 2026 жылға жоспарланған, жобаның құны – 1 млрд теңге. Кәсіпорын іске қосылған жағдайда жыл сайын 5 мың тонна мақта майы өндіріледі. Өндіріс үшін қажетті құрал-жабдықтар толық көлемде Қытайдан жеткізілген.

Аймақ басшысы кәсіпорын жетекшілеріне өндірісті әртараптандыру, қосымша жұмыс орындарын ашу және дайын өнімнің экспортын ұлғайту бағытында нақты тапсырмалар берді. Түркістан облысында мақта кластерін дамыту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.

Дереккөз: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 200 МЫҢ ГЕКТАРДАН АСТАМ ЖАЙЫЛЫМ ЖЕР ОРТАҚ ПАЙДАЛАНЫМҒА БЕРІЛДІ

Redaktor Arysinfo

Сарыағаш: жаңа наубайхана тәулігіне 2 мың дана өнім шығарады

berdaly_oraz

РЕФЕРЕНДУМ: ТҮРКІСТАНДА «LIDER PREMIUM» ЗАУЫТЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ӨЗ ТАҢДАУЛАРЫН ЖАСАДЫ

Redaktor Arysinfo