ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ КЕЗЕКТІ СЕССИЯСЫ ӨТТІ

Сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезекті жиырма алтыншы сессиясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, бюджет, білім, ветеринария, жол және әкімшілік-аумақтық құрылысқа қатысты бірқатар маңызды мәселе талқыланды.

Сессия жұмысына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, облыс әкімдігінің мүшелері, қалалық және аудандық мәслихаттардың төрағалары, мемлекеттік органдардың басшылары, Қазығұрт, Төлеби және Түлкібас аудандарының әкімдері, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жиынға Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов төрағалық етті. Күн тәртібіне барлығы 20 мәселе енгізілді.

Алғашқы мәселе бойынша облыс әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы жөніндегі есебі тыңдалды. Мәслихат төрағасы облыстың өткен жылғы қорытындысы мен биылғы жылдың жеті айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды.

Сонымен қатар Қазығұрт, Төлеби және Түлкібас аудандарына 2025 жылы республикалық және облыстық бюджеттерден бөлінген қаражаттың игерілуіне қатысты мәселелер қаралды.

Сессия барысында облыстық ветеринария, білім, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларының атқарған жұмыстары жөніндегі есептері де депутаттардың талқысына ұсынылды. Тиісті тұрақты комиссиялардың өкілдері жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижелері бойынша қосымша баяндама жасады.

Күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің қатарында 2026–2028 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгерістер енгізу, сондай-ақ жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдаланғаны үшін жалдау ақысының мөлшерлемелерін белгілеу мәселелері болды.

Бұдан бөлек, облыс әкімдігі жанындағы консультативтік-кеңесші және ведомствоаралық органдардың құрамына қатысты бірқатар мәселе қаралды. Атап айтқанда, терроризмге қарсы комиссияның дербес құрамына өзгерістер енгізу, «Заң және Тәртіп» конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның құрамын бекіту, әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі үйлестіру кеңесінің құрамына өзгерістер енгізу және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның құрамын бекіту мәселелері талқыланды.

Әкімшілік-аумақтық құрылыс пен аумақтарды дамыту бағытында Сауран ауданындағы әкімшілік-аумақтық құрылысқа қатысты мәселелер, бірқатар елді мекендерді тарату, Арыс қаласының кейбір көшелеріне атау беру және қайта атау, сондай-ақ Түркістан облысының аумағын қала құрылысына жоспарлаудың кешенді схемасы қаралды.

Сондай-ақ «Түркістан облысының (Түркістан облысы қаласының, ауданының) Құрметті азаматы» атағын беру қағидасына өзгерістер енгізу, облыстық мәслихаттың кейбір шешімдерінің күшін жою және «Түркістан облыстық мәслихаты аппараты» мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту мәселелері қаралды.

Жиын барысында депутаттар өз ұсыныстары мен пікірлерін білдіріп, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылдады.

Сессия соңында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуде жергілікті атқарушы және өкілді органдар арасындағы өзара ықпалдастықтың маңыздылығын атап өтті.

 

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстандағы неке мен бала туу көрсеткіші бойынша Шымкент 5 орында

Түркістан облысында тұрғын үй құрылысы 7 жылда 3 есе өсті

Ордабасыда 10 мыңға жуық тал көшеті отырғызылды

berdaly_oraz