Түркістан қаласында облыстық жастар ұйымдарының көшбасшыларына арналған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы көшбасшы мектебі» семинары ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, парасаттылық пен адалдық құндылықтарын насихаттау, құқықтық сауаттылықты арттыру және жастардың сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған қоғамдық бастамаларға белсенді қатысуына ықпал ету.
Семинарға Түркістан облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Ербол Орманов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Эльмира Байдарбекова, облыстық қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Нұрғазы Тажыбеков, Түркістан қалалық полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы Еркебұлан Өндірбай, Түркістан облыстық Жастар ресурстық орталығының басшысы Ернар Бектаев және жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысты.
Кездесу барысында сала мамандары сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тетіктері, мемлекеттік қызметтегі әдеп нормалары, құқықтық жауапкершілік және қоғамда адалдық қағидаттарын орнықтыру мәселелері жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Жастар тарапынан мамандарға түрлі сұрақтар қойылып, өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу өтті. Қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда жастардың азаматтық белсенділігі мен қоғамдық бастамаларының маңыздылығын атап өтті.
Семинар соңында жастар көшбасшылары алған білімдерін өз ұйымдары мен жастар ортасында насихаттап, адалдық пен парасаттылық құндылықтарын дәріптеуге үлес қосуға ниетті екендерін білдірді.
