Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» аясында шетелдік компания басшылары және инвесторлармен кездесіп, өңірдің инвестициялық әлеуетін таныстырды.
Әкім шетелден арнайы келген инвесторларға алғыс айтып, Түркістан облысының мүмкіндіктері мен артықшылықтарын атап өтті.
Әкімнің айтуынша:
Түркістан – халқы тығыз орналасқан өңір, еңбекке қабілетті тұрғындар үлесі 33,7%;
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі арқылы Қытай мен Еуропа арасында тасымалданатын жүктің 85%-ы Түркістан арқылы өтеді;
Ляньюньган портындағы терминал және Сианьдағы құрғақ порт транзиттік әлеуетті арттырып отыр;
Индустриалды аймақтар мен шағын өнеркәсіптік парктер инвесторларға дайын инфрақұрылыммен ұсынылады;
G2B форматындағы кездесуде Қытайдың бірнеше провинциясынан келген делегациялар ауыл шаруашылығы, туризм, құрылыс, энергетика, логистика және білім салалары бойынша ұсыныстарын жеткізді. Күн және су электр станцияларын салу, инфрақұрылымды жаңғырту және бірқатар өндіріс орындарын ашу мәселелері талқыланды.
2025–2028 жылдары іске асатын 111 жоба пулы қалыптасқан;
Толық жүзеге асқанда 23 915 жаңа жұмыс орны ашылады;
Биыл 58 жоба қолға алынып, 8 250 тұрақты жұмыс орны құрылмақ;
10 айда өңірге 1 178,4 млрд теңге инвестиция тартылды;
2025 жылға бекітілген 475 млн АҚШ доллары көлеміндегі тікелей шетелдік инвестиция жоспары мерзімінен бұрын орындалды: II тоқсандағы көрсеткіш 543,5 млн долларды құрады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, туризм, логистика және өңдеу салаларында әріптестікті дамытуға мүдделі екенін растады.
