Түркістан облысы әкімінің орынбасары азаматтарды жеке қабылдады,-деп жазады Арысинфо.кз тілшісі.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков тұрғындарды жеке қабылдап, олардың өтініш-тілектерін тыңдады. Қабылдау «Ашық әкімдік» кеңсесінде өтті.
Қазығұрт ауданынан келген азамат суармалы егістікке су жеткізу мәселесін көтеріп, Р-7А каналын жөндеуді сұрады. Шенеуніктер каналға күрделі жөндеу жоспарланғанын, жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, сараптамаға жолданғанын жеткізді. Ал суды заңсыз пайдалануды арнайы комиссия бақылайды.
Түркістан қаласының тұрғыны жер пайдалану құқығын рәсімдеуде заң бұзушылық барын айтып, шара қолдануды талап етті. Бұл ретте облыс әкімінің орынбасары құжат рәсімдеу тәртібін түсіндіріп, шешіммен келіспеген жағдайда құзырлы мекемелерге шағымдану мүмкіндігін еске салды.
Сонымен қатар, Созақ ауданынан келген азамат балық шаруашылығын дамытуға қолдау сұраса, Сауран тұрғыны жерді заңсыз иелену дерегін көтерді.
Әкімнің орынбасары барлық өтініш бойынша жауапты мамандарға нақты тапсырма жүктеп, орындалу мерзімін белгіледі.
Айта кетейік, жеке қабылдауға egov.kz порталы, е-otinish жүйесі немесе «Ашық әкімдік» кеңсесі арқылы жазылуға болады.
