Түркістан облысы мен «Самұрық-Қазына» қоры кәсіби кадр даярлауда әріптестік орнатты

Түркістан қаласындағы «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасында «Кәсіпорын мен колледж – сапалы маман кепілі» атты кең көлемді жиын өтті. Басқосуға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, халық қалаулылары, сала басшылары мен студенттер қатысты.

Жиында өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту, студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуі және жұмысқа орналасу мәселелері қаралды.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бұл ынтымақтастықтың кәсіби кадр даярлау ісін жаңа деңгейге шығаратынын атап өтті. Оның сөзінше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өңірде колледждер мен өндіріс орындары арасында тікелей байланыс орнатылып, кадр тапшылығын азайтуға бағытталған нақты шаралар іске асуда. Биыл облыстағы колледждерге 15 500 мемлекеттік грант бөлініп, оның басым бөлігі жұмысшы мамандықтарға бағытталған.

Салтанатты шара барысында Түркістан облысы әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» қоры ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Құжат аясында студенттерді өндірістік тәжірибеден өткізу және жұмысқа орналастыру көзделген. Сонымен қатар «СП Буденовское» кәсіпорыны, Кентау көпсалалы колледжі және студент арасында үшжақты келісімшарт жасалып, «Қазақтелеком» АҚ пен «Woosong» IT университеті әріптестік келісімге қол жеткізді.

Жиын соңында «Самұрық-Қазына» қоры «Тәлімгер» жобасы арқылы екі түлектің ірі кәсіпорындарда жұмысқа орналасуына жағдай жасап, оларға еңбек кітапшасын табыс етті.

Іс-шара аясында қатысушылар өңірдегі бірқатар техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының базасымен танысып, студенттердің тәжірибелік дайындығын көрді.

Ұқсас жаңалықтар

Шымкенттік ақын ЮНЕСКО сахнасында арнау айтты

Түркістан облысының әкімі Азия чемпиондарына құрмет көрсетті

«Қазсушардың» Түркістан филиалының екі өндірістік учаскесінің басшылары жұмыстан уақытша шеттетілді