ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 1,7 МИЛЛИОН АДАМ МІНДЕТТІ ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ЖҮЙЕСІ АРҚЫЛЫ ҚАМТЫЛҒАН

 

Түркістан облысында медицина саласын жаңғырту және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін жетілдіру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиал директорының орынбасары Бағлан Базарбекұлы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

Спикердің айтуынша, 2020 жылдан бастап облыста медициналық қызметтерді қаржыландыру көлемі 2,9 есеге артып, 239,8 млрд теңгеге жеткен. Тек 2025 жылдың тоғыз айында тұрғындарға көрсетілген медициналық қызметтер үшін 126,1 млрд теңге төленген. Осы кезеңде 1 723 кардиохирургиялық, 640 нейрохирургиялық және 9 бүйрек алмастыру отасы жасалды.

Облыстағы 185 медициналық ұйым бірыңғай ақпараттық жүйеге қосылған. Бұл цифрлық жаңғырту нәтижесінде дәрігер қабылдауына жазылу жеңілдеп, кезек күту уақыты екі есеге қысқарған. Сонымен қатар, 13 жылжымалы медициналық кешен шалғай ауылдарды аралап, профилактикалық тексерулер мен зертханалық қызметтер көрсетіп келеді.

Қазіргі таңда өңірде 224 мыңнан астам адам созылмалы аурулар бойынша тұрақты бақылауда тұр. Ал 10 450 адам инфаркт пен инсульттан кейін МӘМС есебінен тегін ем алған. Жалпы облыс тұрғындарының 85,7 пайызы, яғни 1,7 миллион адам медициналық сақтандыру жүйесі арқылы қамтылған.

2026 жылдан бастап жергілікті атқарушы органдар дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы азаматтар үшін сақтандыру жарналарын жергілікті бюджет есебінен төлейтін болады. Бұл шара қосымша 1 миллионнан астам адамды қамтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ресми тіркелген жұмыссыздар үшін де жарналар мемлекет есебінен төленбек.

Бағлан Базарбекұлының айтуынша, бұл бастама өңірлердің әлеуметтік жауапкершілігін күшейтіп, халықтың медициналық қызметтерге тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Ұқсас жаңалықтар

ҰЛТТЫҚ БІРЛІК ПЕН ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМДІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДІҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ

berdaly_oraz

Алматыда Жириновскийдің ескерткіші ашыла ма?

berdaly_oraz

ЖАЛҒЫЗБАСТЫ ҚАРТТАР МЕМЛЕКЕТТІҢ ҚАМҚОРЛЫҒЫН КӨРІП КЕЛЕДІ

Альфия Адамбек