ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 50 ГЕКТАР АУМАҚТА ЭКОПАРК САЛЫНЫП ЖАТЫР

Дереккөз, фото: Түркістан обл әкімдігі

Түркістан облысында Қарашық өзенінің маңында жалпы аумағы 50 гектарды құрайтын «Түркістан» экопаркінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жүзеге асырылуда.

Осыған орай облыс әкімі Нұралхан Көшеров экопарк аумағына барып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Өңір басшысы жауапты тұлғалармен бірге жобаны талқылап, құрылыс сапасына ерекше назар аударуды тапсырды.

Жоба өңірдің табиғи ландшафтын тиімді пайдалануға бағытталған. Сонымен қатар экологиялық саябақтарды құру және пайдалану талаптарына сәйкес әзірленген. Негізгі мақсат – қала тұрғындары мен қонақтары үшін заманауи әрі жайлы демалыс аймағын қалыптастыру, сондай-ақ орман қорын сақтау және көбейту.

Қазіргі таңда аумақта тазалық жұмыстары жүргізіліп, ағаштарды бұтау, шеңгелдерді шабу, ағаш түптерін әктеу жұмыстары атқарылды. Сонымен бірге өзеннің екі жағалауын тазалау бойынша сенбіліктер ұйымдастырылып, жаяу жүргіншілер жолының бірінші кезеңі іске қосылды.

Инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да қатар жүргізілуде. Аумақ қоршалып, 1000 түп ағаш көшеті отырғызылды. Жалпы экопарк аумағында 10 мыңға жуық ағаш отырғызу жоспарланған. Оның ішінде өңір климатына бейімделген тораңғы, үйеңкі, акация, терек және өрік ағаштары бар.

Бұдан бөлек, экопарк аумағында көпірлер, күн панельді жарық шамдары, орындықтар, барбекю аймақтары, тас және ағаш мүсіндер орнатылады. Қазіргі уақытта аталған нысандарды орналастыруға арналған алаңдарды тегістеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар кіреберіс бөлігіне аркалы қақпа салу және балалар ойын алаңын жабдықтау жұмыстары басталды.

Ұқсас жаңалықтар

Келіп түскен ұсыныстар ескеріліп, жаңа Конституция жобасына қосымша нормалар енгізілді – Бақыт Нұрмұханов

berdaly_oraz

АРЫСТА ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҚ ЖАРЫСЫНЫҢ 10 ЖЫЛДЫҒЫ ӨТТІ

berdaly_oraz

Түркістан облысында биыл 41 мыңнан астам бала жазғы сауықтыру лагеріне барады