Түркістан облысында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында еңбек нарығын дамытуға бағытталған шаралар жалғасуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды жұмысшы мамандықтарға арнағаны белгілі. Соған сәйкес өңірде халықты тұрақты жұмыспен қамту үшін жаңа жобалар жүзеге асуда.
Осы орайда Сауран ауданына қарасты Ораңғай ауылындағы №4 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Шараға облыстық «Еңбек мобильділігі орталығы» мұрындық болды. Негізгі мақсат – жұмыссыз жүрген азаматтарға және жастарға нақты жұмыс табуға мүмкіндік беру.
Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев арнайы қатысып, еңбек нарығындағы өзекті мәселелерге тоқталды. Ол өз сөзінде аймақта тұрақты жұмыс орындарын ашу – облыс басшылығының басты басымдығының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ тұрғындарға кәсіби біліктілігін арттырып, ұсынылған мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға шақырды.
Жәрмеңкеге Түркістан және Кентау қалаларынан, сондай-ақ Сауран ауданынан келген 30-ға жуық жұмыс беруші қатысты. Олар 700-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды. Нәтижесінде 300-ге жуық адам жұмыс берушілермен бетпе-бет кездесіп, өз салаларына сәйкес қызметке орналасуға жолдама алды. Қатысушылардың бір бөлігі мамандардан кеңес алып, қажетті құжаттарды рәсімдеуге қатысты ақпарат жинады.
Ұсынылған бос жұмыс орындарының ішінде өнеркәсіп саласына – 445, құрылыс пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына – 150, ауыл шаруашылығына – 33, білім беру жүйесіне – 38, денсаулық сақтау саласына – 14, ал қызмет көрсету секторына – 96 орын тиесілі болды. Сонымен қатар жұмыс берушілер 70-тен астам түрлі мамандыққа кадр іздейтінін хабарлады.
Олардың қатарында дәрігер-педиатр, невропатолог, травматолог-ортопед, фармацевт, психолог, логопед секілді медицина мамандары бар. Бұдан бөлек инженер, заңгер, есепші, аудармашы, IT-маман, механик, электрик, оператор, технолог сияқты техникалық бағыттағы қызметтер ұсынылды. Қызмет көрсету саласында аспаз, тігінші, шаштараз, бағбан, мәдени шара ұйымдастырушы, кітапханашы, тәрбиеші және күзетші сияқты мамандықтарға да сұраныс жоғары екені байқалды.
Жәрмеңке аясында облыстық «Еңбек мобильділігі орталығының» өкілдері мен жергілікті билік тұрғындарға мемлекеттік қолдау шаралары туралы түсіндіріп, субсидияланатын жұмыс орындары мен қайта даярлау курстарына жолдама беру тәртібін түсіндірді.
Айта кетейік, жыл басынан бері өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 74 мыңнан астам азамат тұрақты әрі уақытша жұмыс орындарына жолданған. Оның ішінде 36 мыңнан астамы тұрақты қызметке орналасса, қалғаны субсидияланатын жұмыс орындарына жіберілген.
Жұмыс орындары жәрмеңкесінің тағы бір тиімді тұсы – жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілердің тікелей жүздесуіне мүмкіндік тудыруында. Бұл еңбек нарығындағы ақпараттық ашықтықты қамтамасыз етіп қана қоймай, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге ықпал етеді.
Түркістан облысында алдағы уақытта да осындай жәрмеңкелер тұрақты түрде өткізіледі деп болжануда.
Бердалы ОРАЗ
