Түркістан облысында алюминий бұйымдарын шығаратын жаңа зауыт ашылды,деп хабарлайды Арысифно.кз.
Түркістан облысы Ордабасы ауданының Бадам ауылында алюминий профильдерін өндіретін «Central Asia Aluminum» ЖШС зауыты іске қосылды. Лентасын облыс әкімі Нұралхан Көшеров пен компания директоры Сян Гуанжуй қиып, арнайы батырманы басу арқылы өндіріс ресми түрде басталды.
Жылына 20 мың тонна өнім шығара алатын кәсіпорынға алғашқы кезеңде 4,4 млрд теңге инвестиция салынған. Мұнда 200-ге жуық адам жұмыс істейді, ал дайын өнімнің негізгі бөлігі шетелге экспортталады. Зауытта заманауи технологиялар қолданылып, өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған.
Салтанатты шарада сөз алған Нұралхан Көшеров бұл жобаны облыс экономикасын әртараптандыру және жаңа жұмыс орындарын ашу ісіндегі маңызды қадам деп атап өтті. Оның айтуынша, өңір индустриалды аймақтардың жұмысын жандандырып, өндірістік жобаларды көбейту арқылы дотациялық мәртебеден арылып, өзін-өзі қамтамасыз ететін деңгейге жетуді мақсат етіп отыр.
