Түркістан облысында құқық қорғау органдары қоғамдық қауіпсіздікті күшейту және заңнамалық өзгерістерді халыққа кеңінен түсіндіру бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда. Осы мақсатта Түркістан облысы Полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы Сауран ауданының полиция қызметкерлерімен бірлесіп профилактикалық кездесулер өткізуде.
Мамандар тұрғындарға 2026 жылдың 2 наурызынан бастап ел аумағында қоғамдық орындарда тұлғаны тануға кедергі келтіретін, яғни бетті толық немесе ішінара жауып тұратын киім элементтерін киюге шектеу енгізілгенін түсіндіруде. Бұл норма Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне енгізілген өзгерістер аясында қарастырылған.
Құзырлы органдардың мәліметінше, аталған талап қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адамдарды сәйкестендіру мүмкіндігін жеңілдету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында енгізілген.
Сонымен бірге мамандар бұл шектеу діни киім түрлеріне толық тыйым салуды білдірмейтінін атап өтеді. Атап айтқанда, хиджаб, шейла, химар, әл-амира сияқты бет-әлпетті жаппайтын киім үлгілері бұл талаптың аясынан тыс қалады.
Сондай-ақ жаңа ереже бірқатар ерекше жағдайларда қолданылмайды. Мысалы, ауа райының қолайсыздығына байланысты бет жабу қажеттілігі туындаса, медициналық себептер болса, қызметтік міндеттерді орындау барысында немесе азаматтық қорғау, спорттық және мәдени іс-шараларға қатысу кезінде бұл шектеу жүрмейді.
Түсіндіру жұмыстары барысында полиция қызметкерлері аудан тұрғындарымен жүздесіп, заңдағы өзгерістерді жан-жақты баяндады. Сонымен қатар азаматтарға арнайы ақпараттық парақшалар таратылып, қойылған сұрақтарға нақты жауап берілді. Әсіресе адамдар көп жиналатын қоғамдық орындарда тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау мәселесіне ерекше назар аударылды.
Құқық қорғаушылар заң талаптарын бұзу әкімшілік жауапкершілікке әкелетінін ескертіп, тұрғындарды қоғамдық тәртіп ережелерін сақтауға және енгізілген өзгерістерге түсіністікпен қарауға шақырды.
Түркістан облысының полиция департаменті бұл бағыттағы түсіндіру және алдын алу шаралары алдағы уақытта да жалғасатынын хабарлады.
