Түркістан облысы – еліміздегі ең ыстық әрі шомылу маусымы ұзаққа созылатын өңірлердің бірі. Сондықтан мұнда су айдындарында қауіпсіздік шараларын сақтау – аса өзекті мәселе. Биылғы маусымда облыс аумағында ресми түрде 16 жағажай жұмыс істеп, тұрғындар мен қонақтарға қызмет көрсетті. Алайда барлық түсіндіру және алдын алу шараларына қарамастан, жыл басынан бері 55 адамның суға кету оқиғасы тіркелген. Оның ішінде 25-і кәмелетке толмаған балалар екені ерекше алаңдатады.
Бұл деректер Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Оразгелді Нұрмаханұлының қатысуымен өткен брифинг барысында жария етілді. Оның айтуынша, облыстағы су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізілуде.
«Облыс бойынша арнайы белгіленген орындарда 16 жағажай ресми түрде ашылды. Бұған қоса, шомылуға арналған ресми орындары жоқ елді мекендерде тұрғындар үшін 233 модульді және 2 каркасты бассейн орнатылды. Бұл қадам ауылдық жерлердегі балалардың бей-берекет су айдындарына бармауына жағдай жасайды. Сонымен бірге, тұрғындар арасында қауіпсіздік қағидаларын насихаттау үшін жыл басынан бері БАҚ өкілдерімен бірге 673 түсіндірме шарасы өткізілді. Атап айтсақ, телеарналарда 45 сюжет шықты, әлеуметтік желілерде 108 материал жарияланды, газет-журналдарда 284 мақала жарық көрді», – деді спикер.
Судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан қайғылы оқиғалар жиі орын алып отыр. Сондықтан рейдтік шаралар да тұрақты ұйымдастырылады. Департаменттің мәліметінше, биылғы маусымда 2525 рет рейд жүргізіліп, нәтижесінде 151 жеке тұлғаға 2 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Сонымен қатар, 3 заңды тұлға мен 3 кәсіпкерге жалпы сомасы 235 мың теңгеге жуық айыппұл рәсімделген.
Мамандардың айтуынша, суға кету оқиғаларының басым бөлігі адамдардың қарапайым қауіпсіздік ережелерін елемеуінен туындайды. Мысалы, белгіленбеген жерлерде шомылу, балаларды қараусыз қалдыру, алкогольдік ішімдік ішкен күйде суға түсу қайғылы жағдайға алып келеді. Дәл осы себептерден қайталанбас үшін ТЖД қызметкерлері ата-аналарды барынша қырағы болуға шақырады.
Сонымен бірге, өңірде еріктілердің көмегімен қауіпсіздік бағытында түрлі акциялар ұйымдастырылуда. Мектептерде арнайы сабақтар өткізіліп, жазғы демалыс лагерьлерінде балаларға жүзу мәдениеті мен алғашқы көмек көрсету дағдылары түсіндіріліп келеді.
Соңғы жылдары Түркістан облысында суға бату деректерін азайту үшін жүйелі жұмыс қолға алынғанымен, көрсеткіш әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Статистикаға сүйенсек, өткен жылы дәл осы кезеңде 60-тан астам адам суға кеткен. Биылғы көрсеткіш сәл төмендегенімен, балалар арасындағы қайғылы жағдайлар әлі де жиі тіркелуде.
Мамандар тұрғындарды тек ресми жағажайларда ғана шомылуға, суда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға, әсіресе балаларға айрықша назар аударуға шақырады. Себебі, бір сәттік бейқамдық орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлағандай, алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, құқық бұзушыларға қатысты қатаң шаралар қолданылады. Төтенше жағдайлар департаменті барлық тұрғынды сақтық шараларын қаперден шығармауға үндейді.
Ораз Бердалы
