Түркістан облысында туризмді жүйелі дамыту мақсатында өңірдегі туристік маңызы бар 100 орын анықталды. Бұл тізім облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы мен туризм басқармасының бірлескен жұмысының нәтижесінде жасақталған. Аталған деректерді басқарма басшысы Қуаныш Асанов БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.
Айқындалған нысандар қатарында Бәйдібек ауданындағы Ақмешіт жерасты үңгірі, Қазығұрттағы «Кеме қалған» монументі, Түлкібастағы «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығы, сондай-ақ Отырар ауданындағы Арыстанбаб кесенесі бар. Бұл орындар өңірдің тарихи, мәдени және табиғи әлеуетін танытатын маңызды туристік бағыттар саналады.
Сонымен қатар 2025 жылы облыс әкімінің төрағалығымен сәулеттік жобаларға қатысты 10 мәжіліс өткізіліп, 108 эскиздік жоба қаралған. Оның ішінде 19 жоба Түркістан қаласы әкімдігі тарапынан, 57 жоба сәулет және қала құрылысы басқармасы арқылы зерделенген. Бұдан бөлек, құрылыс басқармасы мен жобалаушы ұйымдар 5 жобаны, ал «Тұран» арнайы экономикалық аймағы 27 жобаны қараған.
Айта кетейік, қазіргі таңда облыстағы 801 елді мекеннің 794-і бас жоспармен қамтылған. Қалған 7 елді мекеннің бас жоспарын 2025 жылы әзірлеу жоспарланып отыр. Ал 2026 жылы бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу көзделген.
