Түркістан облысында су тапшылығы қаупіне байланысты егін шаруашылығындағы су тұтынуды оңтайландыру мақсатында ылғалды көп қажет ететін дақылдарды егу лимиттері қайта бекітіліп отыр. Бұл шешім келесі жылдың вегетациялық кезеңінде күтілетін су көлеміне жасалған нақты болжамдарға негізделген.
Түркістанда өткен арнайы жиында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев ауыл шаруашылығы саласында су үнемдеу саясатын жеделдету қажет екенін атап өтті. Жиынға Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, жергілікті атқарушы органдар мен су шаруашылығы ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ өңірдің шаруа қожалықтары қатысты.
Келесі жылға арналған трансшекаралық судың келуі бойынша болжамдар жағдайдың күрделі екенін көрсетіп отыр. Ашхабадта өткен Орталық Азия елдерінің Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысында Тоқтоғұл су қоймасының деңгейі рекордтық төмен көрсеткішке түсуі мүмкін екені айтылған. Қазақстанның оңтүстігіне де бірнеше ай бойы жауын-шашын түспеуі жағдайды ушықтырып отыр.
Осы себепті вице-премьер ылғалды көп қажет ететін дақылдарды, әсіресе күрішті егу көлемін қатты шектеу қажеттігін айтты. Жаңа лимиттер 2026 жылғы вегетациялық кезеңде келуі жоспарланған шамамен 10 млрд текше метр су көлеміне байланысты есептеледі.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Түркістан облысында күріш егілетін алқап 3,5 мың гектардан аспауы тиіс. Сонымен қатар «Достық» трансшекаралық каналы бойында күріш егуге толық тыйым салынбақ. Бұл өнім тек «Қызылқұм» каналының бойында су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы ғана өсіріледі.
Жиын барысында су ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған жаңа қаржылық қолдау шаралары да жарияланды. Ұңғымалар бұрғылау, инфрақұрылым тарту және тамшылатып немесе жаңбырлатып суару жүйелерін сатып алу шығындарын өтеу үлесі 50%-дан 80%-ға дейін көтерілді. Су үнемдеу технологияларын енгізген шаруалар үшін полив суының құнын субсидиялау 85%-ға дейін ұлғайтылды. Керісінше, мұндай технологияларды қолданбайтындарға субсидия көлемі жыл сайын 10%-ға азайтылады.
2026–2028 жылдарға арналған жалпы трансферттер аясында су үнемдеу технологияларын қолдауға бөлінетін қаражат төрт есеге артты. Бүгінде Түркістан облысында мұндай технологиялар 82 мың гектар алқапта қолданылуда.
Сонымен бірге ауылды дамытуға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы да ерекше назарда. 2026–2028 жылдары ауыл кәсіпкерлігін кеңейту мен кооперативтерді дамытуға 450 млрд теңге бөлінбек. Оның 68,7 млрд теңгесі Түркістан облысына тиесілі. Вице-премьердің айтуынша, бұл бағдарлама ауыл экономикасын жаңғыртуға мүмкіндік беретін негізгі құралдардың бірі болуы тиіс.
Жиын соңында Қанат Бозымбаев облыстардың әкімдіктеріне екі аптаның ішінде нақты су тұтыну лимиттерін анықтап, егіс алқаптарын сол лимиттерге сәйкес бекіту жөнінде тапсырма берді. Ауыл шаруашылық дақылдарын әртараптандыру, аз су қажет ететін құрғақшылыққа төзімді сорттарды енгізу де негізгі талаптардың бірі болып қала береді.
Бұл шаралардың барлығы алдағы вегетация кезеңінде суды барынша үнемдеп, өңірдің ауыл шаруашылығын тұрақты дамытуға бағытталған кешенді саясаттың бөлігі болып отыр.
