Түркістан облысында жаңа зауыттар іске қосылып, жүздеген жұмыс орны ашылады

 

Түркістан облысында инвестициялық жобаларды іске асыру қарқыны күшейіп келеді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен инвестициялық штаб отырысында өңірге инвестиция тарту, жаңа өндірістер ашу және инфрақұрылымдық мәселелерді шешу жайы кеңінен талқыланды.

Жиында биыл және алдағы кезеңде жүзеге асырылатын бірқатар ірі жобалар таныстырылды. Бәйдібек ауданында «Корпорация Ernur» ЖШС жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасы мен құрама жем зауытын салуды жоспарлап отыр. Құны 7,6 млрд теңге болатын жоба үш кезеңде іске асырылады. Құрылыс жұмыстары басталып кеткен, жабдықтар Түркия мен Германиядан жеткізілген.

Сайрам ауданында 2,5 млрд теңгелік арнайы техника құрастыратын зауыттың құрылысы 95 пайызға аяқталған. Сонымен қатар бұл ауданда бірнеше ет комбинаты, бордақылау алаңы, сүт өнімдері зауыты мен өндірістік жылыжай кешені бой көтеруде.

Арыс қаласында «Turkistan Agro.kz» ЖШС 1830 гектар аумақта жаңбырлатып суару әдісімен жем-шөп дақылдарын өсіруді қолға алды. Ордабасы ауданында ірі қара мал сүйегін өңдейтін зауыт, ал Сауран ауданында құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін кәсіпорын іске қосылуға дайындалуда.

Облыс әкімі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда мемлекет тарапынан толық қолдау көрсетілетінін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа өндірістер өңір экономикасын дамытып қана қоймай, тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, 2025 жылы өтетін бизнес-форум аясында қытайлық инвесторлармен жасалған келіссөздер нәтижесінде Түркістан қаласында бес, Отырар және Ордабасы аудандарында екі-екіден жаңа жоба іске асырылмақ.

Ұқсас жаңалықтар

Шымкентте запасқа шығарылған әскери қызметшілерді салтанатты күтіп алды

АРЫСТА ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҚ ЖАРЫСЫНЫҢ 10 ЖЫЛДЫҒЫ ӨТТІ

berdaly_oraz

Түркістан облысында жаңа кәсіпорындар ашу бойынша меморандум жасалды