Астана қаласында «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты жиында еліміздің барлық өңірінен іріктелген 20 өнегелі отбасы құрметке бөленді.
Олардың қатарында Түркістан облысының атынан қатысқан, биылғы өңірлік кезеңнің жеңімпазы атанған Мұхановтар әулеті де бар.
Мұхановтар отбасы – ұрпақ тәрбиесін, адал еңбек пен білімді, ұлттық салт-дәстүрді өмірлік ұстанымына айналдырған өнегелі әулет.
Отбасының отағасы Мұханов Бөрібай (1925–1990) – Ұлы Отан соғысының ардагері. Соғыстан кейін ішкі істер бөлімінде ұзақ жылдар қызмет етіп, зейнетке шыққан соң совхозда техника қауіпсіздігі инженері болып еңбек еткен.
Ал шаңырақтың ұйытқысы Абденова Айша бүгінде 92 жаста. Ол – «Күміс алқа» және «Алтын алқа» иегері, көпбалалы ана, тыл ардагері. Бөрібай мен Айша жеті баланы тәрбиелеп өсіріп, бүгінде 24 немере мен 39 шөберенің қызығын көріп отырған ардақты ата-әже.
Бұл әулеттің өнегелі өмір жолы – отансүйгіштік пен еңбекқорлықтың, үлкенге құрмет пен ұрпақ сабақтастығының жарқын үлгісі. Бір шаңырақ астында қалыптасқан береке-бірлік пен тәрбие дәстүрі кейінгі буынға бағыт-бағдар болып келеді.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының басты мақсаты да – осындай өнегелі шаңырақтарды ұлықтау, отбасы институтының беделін арттыру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу.
Түркістан өңірінің мерейін үстем еткен Мұхановтар әулетін лайықты марапатымен құттықтаймыз! Ақ жаулықты ананың ғұмыры ұзақ, әулеттің берекесі мен бірлігі мәңгі болсын!
