Арыс қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтың алдын алу және жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
Отырысты қала әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Ерғали Қуандық жүргізді.
Күн тәртібінде балалар мен жасөспірімдерді қосымша білім беру ұйымдарына, түрлі үйірмелер мен спорт секцияларына тарту, олардың сабақтан тыс уақытын мазмұнды өткізуіне жағдай жасау мәселелері қаралды.
Аталған бағыт бойынша Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Әзиз Жүнісов баяндама жасап, жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Сонымен қатар жиында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрекет ету тәртібін балаларға түсіндіру мәселелері көтерілді. Әсіресе биіктіктен құлау, табиғи газдан улану және өзге де жазатайым оқиғалардың алдын алу қажеттігіне баса назар аударылды.
Бұл бағытта Арыс қаласының төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау капитаны Саят Оспан баяндама жасап, профилактикалық жұмыстардың маңыздылығын атап өтті.
Комиссия отырысында балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау, олардың қауіпсіз ортада тәрбиеленуіне жағдай жасау және құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстары тұрақты назарда болуы керектігі айтылды. Сондай-ақ жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру тапсырылды.
