Биыл Түркістан облысында сыртқы сауда айналымы 1 млрд 766,5 миллион АҚШ долларын құрады. Былтырғы жылмен салыстырғанда сауда айналым 710 миллион АҚШ долларға ұлғайған. Бұл туралы өткен брифингте Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Тауарлар шығарылғаннан кейінгі кедендік бақылау басқармасының басшысы Айдос Қадірбердиев мәлімдеді.
Қазіргі таңда Түркістан облысы көлемінде Өзбекстан Республикасымен шектесетін 6 кеден бекеті және 2 бақылап-өткізу пункті жұмыс істейді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Атамекен», «Б.Қонысбаев», «Қапланбек» және «Қазығұрт» өткізу пункттері қайта жаңғыртудан өткен. Сондай-ақ, «Атамекен» және «Қазығұрт» өткізу пункттерінің көлік жолағы 2-ден 6-ға ұлғайғаны айтылды.
Одан бөлек, 2026 жылдың тамыз айына дейін «Жібек Жолы» өткізу пунктіндегі қайта құрылымдау жұмыстарын аяқтау жоспарланған. Мамандардың айтуынша, Аталған бекетте құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін көлік құралдарының жолағы 2-ден 4-ке ұлғаяды. Кеден бекетінің өткізу қабілетін арттыруға және кедендік рәсімдеулерді жеделдетуге бағытталған іс-шаралар нәтижесінде өткізу пункттерінен жүктердің өту уақыты 3 сағат 30 минуттан 45 минутқа дейін қысқарады дейді.
«Қазіргі таңда кеден бекеттері арқылы тәулігіне екі бағытта 2000-нан астам жүк көліктері, 1500 жеңіл көлік және 40 мыңға жуық жеке тұлғалар өтеді. Одан бөлек, мұнай өнімдерін шығарудың 260 дерегі анықталып, сотпен 15,1 млн теңге әкімшілік айыппұл салынған. Сондай-ақ, 24,7 тонна бензин және 35,3 тонна дизель отыны тәркіленді. Сонымен қатар, жалпы салмағы 29,2 грамм есірткі тәркіленді. Көлік құралдарының салмақтық және көлем талаптарының сақталуы бойынша 3 769 заңбұзушылықтар анықталып, 159 млн теңге айыппұл өндірілді — деп баяндады сала маманы.
