ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫДАҒЫ ҚАЖЫМҰҚАН МУЗЕЙІ ЖАҢА ҒИМАРАТҚА КӨШІП, ТУРИСТЕР ҮШІН ҚОЛАЙЛЫ ЕТІЛДІ

Түркістан облысы Ордабасы ауданында «Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейі» жаңа, заманауи ғимаратқа көшірілді. Қазіргі таңда музей «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолы бойында орналасқан мәдени-спорт кешенінде қызмет көрсетуде. Жаңа ғимарат музей экспозициясын кеңейтіп, келушілер үшін ыңғайлы жағдай жасаған.

Музей ұжымының басты мақсаты – өскелең ұрпаққа тарихи білім беру, ұлттық спортты дәріптеу, Қазақстанның белгілі тұлғаларының өмір жолын таныстыру және мәдени-танымдық тәжірибені арттыру. Осы мақсатта экскурсиялық бағдарламалар жүйелі түрде өткізіліп, музейге келушілерге кеңінен ақпарат ұсынылады.

Жаңартылған экспозицияда қазақ балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмірі мен спорттағы жетістіктері толық көрсетілген. Сирек құжаттар, фотосуреттер және тарихи жәдігерлер келушілерге ерекше әсер береді. Ең маңызды экспонаттардың бірі – Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға сыйға тартқан ұшағының макеті, 1938–1943 жылдары тұрған үйінің макеті, сондай-ақ Қажымұқанның өз киіз үйі.

Сонымен қатар, музейде Ордабасы ауданы мен Түркістан өңірінің спорт тарихын көрсететін жаңа экспозициялар ашылды. Келушілер үшін интерактивті көрсетілімдер, мультимедиялық құралдар мен виртуалды экскурсиялар ұйымдастырылған. Бұл музейдің білім беру және мәдени рөлін айтарлықтай күшейтті.

Жаңа ғимарат музей қорын сақтау, экспонаттарды қорғау және келушілерге қауіпсіз әрі ыңғайлы орта қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар, туристік аймақ ретінде кешенде демалыс орындары, ақпараттық стендтер мен сувенир дүкендері қарастырылған. Мұның бәрі келушілердің ыңғайлылығын арттырып, өңірге туристік ағынды көбейтуге септігін тигізеді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі музейдің жаңа ғимаратының өңірдің мәдени және спорттық әлеуетін насихаттау мен тарихи-мәдени білім берудегі маңыздылығын атап өтті. Музей келушілерге ұлттық спорт дәстүрлері мен тарихи тұлғалардың жетістіктерін таныстыру арқылы ұлттық сананы қалыптастыруға үлес қосады.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан облысында қуаты 1000 МВт болатын бу-газ қондырғысының құрылыс барысы талқыланды

Альфия Адамбек

Арыс қаласының басшысы тазалық шарасын ширатуды тапсырды

Премьер-Министр: Қолөнер мен әдет-ғұрыптарды сақтауды «Үздік тәжірибелер» тізімдеріне енгізу қажет