Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде Республика күніне арналған «Қыран елім – Қазақстаным» атты салтанатты іс-шара өтті. Ұлттық мерекеге зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, еңбек үздіктері, өңірдің әр саласында табысқа жеткен азаматтар, жастар мен қала тұрғындары қатысты.
Мерекелік жиында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңір жұртшылығын Республика күнімен құттықтап, ел егемендігінің тарихи маңызына тоқталды.
– Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке халқымыздың рухын көтеріп, бірлігін нығайтады. 1990 жылғы 25 қазанда Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Бұл – Тәуелсіздікке бастар тарихи қадам болды. Ал 1991 жылғы 16 желтоқсанда еліміз мемлекеттік тәуелсіздігін жариялап, әлем картасында дербес мемлекет ретінде орнықты.
Тәуелсіздік – тек тарихи жетістік емес, ұрпаққа аманат етілген ұлы жауапкершілік. Оны сақтау мен нығайту – ортақ парызымыз. Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауымен өңіріміз дамудың даңғыл жолына түсті. Облысымыз жыл басынан бері әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша республикада көш бастап келеді, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін қалыптастыру жөніндегі бастамасына тоқталып, «Кітап оқитын ұлт» идеясын қолдау мақсатында бірқатар азаматқа кітап сыйлады.
Түркістан облысы Республика күнін ауқымды экономикалық және әлеуметтік жетістіктермен қарсы алды. Соңғы жеті жылда жалпы өңірлік өнім көлемі үш есеге өсіп, 5,4 трлн теңгеге жетті. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2019 жылдан бері үш есеге артып, 1,6 трлн теңгені құрады.
Өңірде өндірістік инфрақұрылым кеңейіп келеді. Қазір 21 индустриялық аймақ құрылып, онда 60 кәсіпорын жұмыс істейді. Тағы 45 жоба жүзеге асырылу кезеңінде. «TURAN» арнайы экономикалық аймағында 210 инвестициялық жоба жоспарланған, оның 22-сі биыл іске қосылды. Сонымен қатар 29 шағын өндірістік парк құру жұмыстары жүргізілуде.
Инвестиция тарту бағытында да оң нәтижелер бар. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында өңір экономикасына 1,3 трлн теңге инвестиция тартылды. 2019 жылдан бері жалпы құны 1,1 трлн теңгені құрайтын 330 жоба іске асырылып, 23 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Биыл тағы 67 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Түркістан облысының экономикасындағы негізгі салалардың бірі – ауыл шаруашылығы. Соңғы жеті жылда саладағы өнім көлемі екі есеге өсіп, 1,2 трлн теңгеге жетті. Биыл егіс көлемі 920,1 мың гектарды құрады.
Су үнемдеу технологиялары 164 мың гектарға енгізіліп, жылына 280 млн текше метр су үнемдеуге мүмкіндік беріп отыр. Мақта шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және дайын өнім экспортын арттыру бағытындағы жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асуда.
Әлеуметтік салада да айтарлықтай нәтижелер бар. Облыс құрылғаннан бері 155 мектеп салынып, 214 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілді. Қазір Түркістан қаласында 570 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жүргізілуде. Нысанды 2027 жылы аяқтау жоспарланған. Биыл өңірде 84 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды.
Тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында тұрғын үй құрылысы, инженерлік инфрақұрылым мен жолдарды жаңғырту жұмыстары жалғасуда.
Пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы соңғы жеті жылда бес есеге өсіп, 6,3 млн шаршы метрге жетті. Елді мекендерді ауызсумен және табиғи газбен қамту, электр энергиясы тапшылығын азайту, жолдардың сапасын жақсарту бағытында бірқатар жобалар іске асырылуда.
Қазіргі таңда облыстағы жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 94,8 пайызға жетті.
Түркістанның тарихи-мәдени әлеуетін тиімді пайдаланып, туризмді дамытуға да ерекше мән берілуде. 2026 жылдың алғашқы жартысында өңірге 217 мың турист келіп, өткен кезеңмен салыстырғанда 43,4 пайызға артты. Туристік инфрақұрылымды жаңғырту және жаңа нысандар салу жұмыстары жалғасып жатыр.
Ұлттық мереке аясында ел мен өңірдің дамуына үлес қосып, еңбегімен ерекшеленген азаматтарға мемлекеттік деңгейдегі марапаттар табысталды. Әсіресе еңбек адамдарына басымдық беріліп, олардың қоғамдағы орны мен еңбегінің маңызы атап өтілді.
Марапат иелеріне кітаптар сыйланып, руханият саласына да қолдау көрсетілді.
Салтанатты жиын рухты көтерген концерттік бағдарламаға ұласты. Отандық және шетелдік өнерпаздар, этноансамбльдер мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті. Әсіресе шетелдік әншілердің қазақ тілінде ән шырқауы көпшілікке ерекше әсер сыйлады.
Мерекелік кеште ел дамуының басты өлшемі тек экономикалық көрсеткіштермен шектелмейтіні, әрбір азаматтың белсенділігі, жауапкершілігі мен туған жеріне деген жанашырлығы маңызды екені айтылды.
Сонымен қатар «Таза Қазақстан» бастамасын қолдау, қоғамдық ортаны таза ұстау, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу баршаға ортақ міндет екені кеңінен насихатталды.қоғам
Республика күні – елдігімізді айқындайтын, тәуелсіздігімізді дәріптейтін және ортақ мақсат жолында халықты біріктіретін ұлы мереке. Түркістан жұртшылығы бұл күнді өңірдің жетістіктерімен, жаңа бастамаларымен және жарқын болашаққа деген сеніммен қарсы алды.
