25 қазан – Республика күніне орай Арыс қаласындағы Тәуелсіздік стелласы маңында Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі өтті. Салтанатты шара ел тәуелсіздігі мен ұлттық бірлікті ұлықтауға арналды.
Жиынға қала әкімі Қайсар Маңқараев, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, әскери қызметшілер, дербес бөлім басшылары мен қала тұрғындары қатысты. Рәсім барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалып, көк байрағымыз биікте желбіреді.
Қала әкімі жиналған қауымды ұлттық мерекемен құттықтап, Республика күнінің ел тарихындағы айрықша орнына тоқталды.
Мемлекеттік Ту – тәуелсіздігіміздің, елдігіміздің және бірлігіміздің айқын нышаны. Оны ұлықтау – Отанға деген құрмет пен ортақ құндылықтарға адалдықтың белгісі.
Арыс қаласындағы биіктігі 30 метрлік Тәуелсіздік стелласы – ел азаттығының айшықты символы. 2015 жылы бой көтерген бұл нысан қала тұрғындары үшін тәуелсіздік пен еркіндіктің мәнін айқындайтын маңызды орынға айналған.
Республика күні құтты болсын! Еліміз аман, тәуелсіздігіміз тұғырлы, көк байрағымыз әрдайым биікте желбірей берсін!
