ТҮРКІСТАН: САУРАНДА ҚЫТАЙДЫҢ САУАН ҚАЛАСЫ ДЕЛЕГАЦИЯСЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Сауран ауданында Қытай Халық Республикасының Шыңжаң аймағына қарасты Сауан қаласының ресми делегациясы келіп, екі өңір арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған маңызды жиын өтті. Кездесу тараптардың экономикалық, мәдени және әлеуметтік байланыстарын тереңдетуге арналған.

 

Жиында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров сөз алып, ауданның инвестициялық және кәсіпкерлік әлеуетін таныстырып, өзара серіктестікке дайын екенін атап өтті. Ауданның туризм, бизнес және өндіріс салаларындағы мүмкіндіктері туралы кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Сұлтанғали Шакиров толық ақпарат берді.

 

Сауан қаласының әкімі Ербол Төлегенұлы екі өңір арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі екенін білдіріп, ортақ жобаларды іске асыру жөніндегі ниетін жеткізді. Тараптар ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, өндіріс, туризм және әлеуметтік бағыттар бойынша ұсыныстарды талқылап, алдағы жұмыс бағыттарын айқындады.

 

Сапар аясында қытайлық делегация Шаға ауылдық округіндегі өндірістік аймақта болып, өңірдің индустриялық дамуы мен кәсіпорындардың жұмысымен танысты.

 

Қонақтарға алдымен жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын «BNK Group» зауыты көрсетілді. Бұл кәсіпорын америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен әріптестікте заманауи суару техникасын өндіреді. Заманауи суару жабдықтары ауыл шаруашылығын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.

 

Делегация бұдан кейін білім беру мекемелеріне арналған жиһаз шығаратын «Aqniet Holding» цехында болды. Компания соңғы бірнеше жылда ондаған мектепті жиһазбен жабдықтап келеді және «Жайлы мектеп» жобасы аясында стандартталған жиһаз үлгілерін республика бойынша жеткізіп отыр. Сонымен қатар мекеме «KAZMEDPRIBOR» компаниясымен бірге медициналық құрылғылар өндіруді де қолға алған.

 

Қытайлық делегация өндіріс алаңдарындағы мүмкіндіктерге жоғары қызығушылық білдіріп, болашақ серіктестік жобаларын талқылады. Шағадағы индустриялық парк Сауранның экономикалық әлеуетін кеңінен таныстыруға мүмкіндік берді.

Ұқсас жаңалықтар

Саурандық жас спортшы Азия чемпионатында жүлдегер атанды

Түркістан облысында ер адам сарайында есірткі жасырып ұстағаны анықталды

berdaly_oraz

Шымкентте қара күш иесі жаңа ұлттық рекорд орнатты