«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында Созақ ауданында «Ұлы тұлғаларға құрмет – ұрпаққа міндет» акциясы ұйымдастырылып, ауқымды сенбілік өтті. Игі бастама туған өлкенің тазалығын сақтау, тарихи-мәдени нысандарды күтіп ұстау және елді мекендерді көркейтуге бағытталды.
Сенбілікке барлық ауылдық округтер мен елді мекендердің тұрғындары, мекеме қызметкерлері және белсенді жастар қатысып, қоршаған ортаны таза ұстауға өз үлестерін қосты.
Көркейту-көгалдандыру жұмыстары аудан әкімінің орынбасары Дулат Байзақовтың бақылауында болды. Ол Шолаққорған ауылының бірқатар аумағын аралап, тазалық жұмыстарының барысымен танысты. Аралау барысында жауапты мамандарға тұрғындар арасында тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген орындарға тастамау және санитарлық талаптарды сақтау жөніндегі түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды нақтылады.
Ауқымды сенбілік барысында аудан аумағындағы 40-қа жуық тарихи-мәдени нысанның, ескерткіштер мен мемориалдардың айналасы тазаланып, абаттандырылды. Елді мекендердің ішкі көшелері, күре және айналма жолдардың бойы тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, жиналған қоқыстар арнайы орындарға шығарылды.
Бұдан бөлек, мазараттардың аумақтары ретке келтіріліп, арамшөптер оталды. Су өткелдері, көпірлер, өзен-көлдер, каналдар мен арық-атыздар тазартылды. Көше бойындағы ағаштардың түптері әктеліп, абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Игі шараға 1000-ға жуық тұрғын мен 41 арнайы техника жұмылдырылды.
Мұндай бастамалар қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз етумен қатар, тарихи мұраға құрметпен қарау, туған жерге жанашырлық таныту мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Тазалық – бір күндік науқан емес, баршаға ортақ тұрақты міндет.
