ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫДАҒЫ ТҰҚЫМБАҚТА ЖЫЛЫНА 300 МЫҢНАН АСТАМ КӨШЕТ ӨСІРІЛЕДІ

Түркістан облысында жасыл желек қорын молайту, орман алқаптарын кеңейту және көшет өсіру көлемін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, өңірдегі тұқымбақтардың әлеуетін арттыруға басымдық берілген.

Осы мақсатта облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Төлепов Ордабасы ауданындағы «Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесіне» барып, тұқымбақтың жұмысымен және өсіріліп жатқан көшет түрлерімен танысты.

Қажымұхан елді мекенінде орналасқан тұқымбақтың жалпы аумағы 5 гектарды құрайды. Мұнда қарағаш, үйеңкі, шаған, айлант, боз арша, туя секілді ағаш түрлері өсіріледі. Мекеме жыл сайын 300 мыңнан астам түп көшет өндіреді.

Көшеттерге деген сұраныстың артуына байланысты тұқымбақтар үш жерде уақытша ұйымдастырылған.

2026 жылдың көктемінде мекеме тарапынан 31 630 түп ағаш көшеті босатылған. Ал күзгі маусымда 163 300 түп көшетті үлестіру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда оның 45 780 түбі қазылып, дайындалған. Оның ішінде 8 580 түп көшет Сайрам және Ордабасы аудандарына берілген.

Жұмыс сапары барысында басқарма басшысы өсіріліп жатқан көшеттердің жай-күйі мен сапасын тексеріп, 2026 жылғы күзгі ағаш отырғызу науқанына дайындық барысын пысықтады. Жауапты мамандарға көшеттерді сапалы дайындау, отырғызу жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі агротехникалық талаптарға сай жүргізу жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Жалпы, облыста жасыл белдеу қалыптастыру, орман қоры аумақтарын ұлғайту және елді мекендерді көгалдандыру жұмыстары тұрақты жалғасуда. Алдағы уақытта тұқымбақтардың аумағын кеңейтіп, көшет өндіру көлемін арттыру көзделген.

Бұл бастамалар өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға, табиғи ресурстарды сақтауға және болашақ ұрпақ үшін жасыл желек қорын қалыптастыруға бағытталған.

Ұқсас жаңалықтар

МЫРЗАКЕНТТЕ ЖАЯУ ЖҮРГІНШІЛЕРГЕ ҚОЛАЙЛЫ ОРТА ҚАЛЫПТАСТЫРЫЛУДА

berdaly_oraz

Түркістан облысы спортшыларының өткен аптадағы жетістіктері

Түркістан облысы: Қазығұртта «Отбасын қолдау орталығы» ашылды

berdaly_oraz