Түркістан төрінде қазақтың ұлы ойшылы, ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы мен «Абай күніне» арналған тағылымды жиын аталып өтті. Өңірдің зиялы қауымы, ардагерлер мен облыс әкімі ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, хакім мұрасын дәріптеді.
Салтанатты шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, еңбек ардагері Жарқынбек Құлбайымбетов, облыстық полиция департаментінің басшысы Мұрат Қабденов қатысты. Жиналғандар ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты ой-пікірлерін білдіріп, рухани мәні зор басқосудың маңызын атап өтті.

Облыс әкімі өз құттықтауында Мемлекет басшысының қолдауымен 10 тамыздың «Абай күні» болып белгіленгенін еске салып, бұл күннің халқымыз үшін символдық маңызы зор екенін жеткізді. «Биыл ұлы ойшылдың 180 жылдық мерейтойы ел көлемінде кеңінен атап өтілуде. Осы мереке аясында Түркістан облысы атынан Абай өңірінде көрме орталығын салып, тарту етеміз. Хакім Абай әрдайым елді бірлікке шақырған, біз де осы ұстанымды ұмытпауымыз керек», – деді ол.
Жеңісбек Мәуленқұлов Абайдың қазақ әдебиеті мен руханиятындағы орнын айрықша атап өтіп, жастарға арналған тағылымды сөзін жеткізді. «Абайдың мұрасы – ұрпаққа қалдырған баға жетпес қазына. Оны түсіну, насихаттау – біздің парызымыз», – деді ол.
Мерекелік жиын барысында ақынның өлеңдері оқылып, әндері шырқалды. Қатысушылар кітап көрмесін тамашалап, зиялы қауым өкілдерінің ойларына құлақ түрді.
Айта кетейік, Түркістан өңірінде Абайдың 180 жылдығына арналған іс-шаралар 10 күнге жалғасуда. Осы уақыт ішінде мәдениет мекемелерінде рухани кештер, поэзия оқулары, көрмелер және түрлі байқаулар ұйымдастырылды. Өңір делегациясы Абай облысына арнайы барып, мәдениет күндерін өткізіп, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін ұсынды.
Бүгінде Түркістан облысында Абай есімі берілген бір ауылдық округ, төрт елді мекен, 110 көше және 15 мектеп бар. Сондай-ақ ұлы ақын құрметіне тоғыз ескерткіш пен 11 бюст орнатылған. Бұл – Абай есімінің ел жадында мәңгі сақталатынының айқын көрінісі.
