ТҮРКІСТАНДА АУҒАНСТАН ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ САУДА МИНИСТРІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Ауғанстан Ислам Әмірлігінің Өнеркәсіп және сауда министрі Нуриддин Азизимен кездесті. Келіссөздің басты мақсаты – екі ел арасындағы достық байланыстарды нығайту, экономикалық әріптестікті кеңейту және инвестициялық жобаларды дамыту болды.

Кездесу барысында тараптар Түркістан өңірінің инвестициялық әлеуетін, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, жеңіл өнеркәсіп, логистика және туризм бағыттарындағы серіктестік мүмкіндіктерін талқылады.

Қазақстан мен Ауғанстанды тарихи тамырластық пен өзара құрмет байланыстырады. Түркістан – түркі әлемінің рухани орталығы. Біз достық және экономикалық қатынастарды одан әрі дамытып, ауыл шаруашылығы мен өзге де салаларда нақты жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.

Өз кезегінде Нуриддин Азизи Түркістан өңірінің стратегиялық маңыздылығына тоқталып, инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

Кездесу қорытындысында тараптар екіжақты экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету, сондай-ақ бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру жөнінде уағдаласты.

Ауғанстан – Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің бірі. Биылғы жылдың 8 айында екі ел арасындағы сауда айналымы 278 млн АҚШ долларына жетіп, оның 6,2%-ы Түркістан облысына тиесілі болды. Экспорт негізінен бидай, ұн, құрылыс материалдары, азық-түлік, металл және мұнай өнімдерінен тұрады.

Түркістан облысында инвесторлар үшін қолайлы бизнес климат қалыптасқан: мұнда 1400 гектарлық арнайы экономикалық аймақ және 2400 гектарды қамтитын 20 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Қажетті инфрақұрылым, салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған.

Қазіргі уақытта Ауғанстанның «Талифа» компаниясы осы мүмкіндіктерді пайдаланып, өңірде кептірілген жеміс-жидек, көкөніс және майлы дақылдарды өңдеу зауытының жобасын жүзеге асырып жатыр.

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДЫҚТАР ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ ШҰҒЫЛА ӨМІРБЕКТІ ЫҚЫЛАСПЕН ҚАРСЫ АЛДЫ

berdaly_oraz

Түркістанда ҚМДБ-ның Ислам институты ашылмақ

Кентауда тамақтану нысанында өрт тіркелді

berdaly_oraz