Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандарымен кеңес өткізіп, саладағы даму көрсеткіштері мен тапсырмалардың орындалу барысын саралады. Басқарма басшысы Файзулла Байдуллаевтың мәліметінше, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі бойынша Кентау, Шардара, Арыс және Қазығұрт өңірлерінің нәтижелері төмен көрсеткіштерге ие. Сондай-ақ, ет өндіру бойынша Шардара мен Сайрам аудандары жоспарлы межеге жетпеген.
Су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша да жоспарлы жұмыстарда олқылықтар бар екені айтылды. Кеңесте агроөнеркәсіп кешені мен тамақ өнімдері өндірісіне тартылған инвестициялар көлемі де қаралды.
Облыс әкімінің орынбасары нәтижесі төмен аймақтардағы жағдайды терең зерделеп, нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Оның айтуынша, басқарма үйлестіруші орган ретінде нақты шешімдер ұсынуы тиіс.
Сондай-ақ, индикаторлық жоспарлардың мерзімін қайта қарап, қысқарту керектігі ескертілді.