ТҮРКІСТАНДА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ҚАРҚЫН АЛДЫ: ЖАҢА ӨНДІРІСТЕР ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Түркістан облысында өндіріс көлемін ұлғайту мен экономиканы әртараптандыруға бағытталған жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің қатысуымен өткен Инвестициялық штабтың кезекті отырысында бірқатар зауыттардың құрылысы мен іске қосылу мерзімі талқыланып, нақты міндеттер айқындалды.

Кеңеске өңір басшылығы, басқарма жетекшілері, аудан және қала әкімдері, сондай-ақ қазақстандық және шетелдік инвесторлар қатысты. Басқосуда инвестициялық климатты жақсарту, инфрақұрылымдық мәселелерді жедел шешу және жобаларды уақытылы аяқтау бағытындағы жұмыстар пысықталды.

Аймақ басшысы әрбір инвестормен жеке кездесіп, жобалардың орындалу барысын саралады. Жер телімдерін рәсімдеу, инженерлік желілерге қосылу, өндірістік алаңдарды дайындау, логистикалық тетіктерді жетілдіру және мемлекеттік қолдау шаралары бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелді. Әкім инвестициялық жобалардың сапалы әрі мерзімінде жүзеге асуы өңір дамуының басты индикаторы екенін атап өтті.

Биыл іске асырылатын өндірістік жобалардың қатарында Сауран ауданындағы арматура шығаратын зауыт бар. Бұл кәсіпорын құрылыс материалдарын өңір ішінде өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар тағам қалдықтарын ұсақтайтын құрылғыларды шығару жобасы қолға алынған. Өндіріс көлемін ұлғайту мәселесі де қарастырылып, қолдау тетіктері талқыланды.

Созақ ауданында жаңа өнеркәсіптік аймақ қалыптасуда. «Инкай» кен орнында аффинаж зауытының құрылысы жүргізілуде. Ордабасы ауданында автоклавты газдалған бетон блоктары мен қабырғалық панельдер шығаратын зауыт салынуда. Бұл жобалар құрылыс индустриясын дамытуға серпін бермек.

Арыс қаласында өсімдік майын өндіретін кәсіпорын бой көтеруде. Өнім ішкі нарықпен қатар экспортқа бағытталады. Мақтаарал ауданында металл өңдеу зауыты салынып жатыр. Онда профлист, құбыр, сэндвич-панель және жеңіл болат конструкциялар өндірілмек. Бұл жоба импортты алмастыруға ықпал етеді.

Сарыағаш ауданында кірпіш шығаратын өндіріс орнының құрылысы жалғасуда. Жетісайда пластик жәшіктер өндіру жобасы жүзеге асуда. Бұдан бөлек, түрік инвесторлары көкөніс сақтау қоймасы мен жылыжай кешенін салуда. Аталған жоба агроөнеркәсіп саласының экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Жиын қорытындысында инвесторлардың ұсыныстары ескеріліп, мемлекеттік органдар тарапынан жедел шешім қабылдау алгоритмі нақтыланды. Барлық тапсырмалар бақылауға алынды.

Өңірде жүзеге асып жатқан бұл жобалар жаңа өндірістер ашумен ғана шектелмейді. Олар экономиканың құрылымын жаңғыртуға, қосылған құны жоғары өнім үлесін арттыруға және мыңдаған жұмыс орнын құруға бағытталған. Түркістан облысы өндірістік әлеуетін күшейтіп, инвестиция тарту бойынша бәсекеге қабілетті аймақтардың қатарына шығуды көздеп отыр.

Ұқсас жаңалықтар

Арыста 8 наурыз мерекесіне орай аналарға құрмет көрсетілді

berdaly_oraz

Арыста сайлау және қоғам тақырыбында кездесу өтті

Redaktor Arysinfo

1 мамырдан бастап Қазақстанда қандай өзгерістер болады?

berdaly_oraz