дереккөз фото: Түркестан әкімідігі
Түркістан облысында кәсіпкерлікті дамыту жұмыстары қарқын алып келеді. Өңірде жалпы құны 58,5 млрд теңгені құрайтын 377 бизнес-жоба сүйемелденіп жатыр. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте айтылды.
Бүгінде облыста 200 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы республикада үшінші орында. Ал сауда саласындағы нақты көлем индексі 119,7 пайызға жетіп, өңірді елдегі үздік үштік қатарына шығарды.
Жыл басынан бері 78 жоба іске қосылып, экономикаға 9,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Нәтижесінде 275 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Іске қосылған кәсіпорындар қатарында сабын, пластик ыдыс, жиһаз өндірісі, балық және мақта өңдеу, құрылыс материалдарын шығару бағытындағы жобалар бар.
Мамандардың айтуынша, барлық 377 жоба толық жүзеге асқанда өңірде 3082 жаңа жұмыс орны ашылып, кәсіпкерлік саласының әлеуеті одан әрі арта түседі.
