Түркістанда Құрылысшылар күніне арналған салтанатты шара өтіп, сала ардагерлері мен үздік мамандар марапатталды. «Конгресс холл» кешенінде өткен жиында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов құрылысшыларды кәсіби мерекемен құттықтап, олардың өңірдің дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады.
Оның айтуынша, соңғы жеті жылда облыс аумағында құрылыс қарқыны артып, инфрақұрылым айтарлықтай жаңарған. Биылғы алты айда құрылыс жұмыстарының көлемі 230 млрд теңгеге жетіп, жоспар 125%-ға орындалған. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 432,4 мың шаршы метрді құрап, өсім 118%-ды көрсетті. Осы кезеңде 16 925 отбасы баспаналы болған.
Салтанатты жиында бірқатар азаматтарға «Парасат» ордені, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі, ҚР Премьер-министрінің алғыс хаты, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің Құрмет грамотасы және өзге де марапаттар табысталды. Марапаттау рәсіміне облыс әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев, облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абай Тұрханов және ардагер құрылысшы Құттыбек Жамашев қатысты.
Іс-шара соңында өңірдің белгілі өнерпаздары мен ұжымдары мерекелік концерт ұсынды.
