Түркістанда мұғалімдердің кәсіби дамуына жаңа серпін беретін орталық ашылды

Түркістанда мұғалімдердің кәсіби дамуына жаңа серпін беретін орталық ашылды,-деп хабарлайды Арысинфо тілшісі.

Түркістан облысында білім беру саласы үшін тарихи қадам жасалды – өңірде алғаш рет «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының филиалы өз жұмысын бастады. Жаңа мекеме – облыс педагогтерінің кәсіби деңгейін көтеруге арналған маңызды алаң болмақ.

Ашылу салтанатына ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Бекболатұлы, облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев және ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетұлы қатысып, орталықтың лентасын қиды. Шараға сондай-ақ Түркістан облысы мен Шымкент қаласының білім басқармаларының өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары және білім саласының мамандары келді.

Өз сөзінде Бейсен Тәжібаев жаңа орталықтың аймақтық білім сапасын арттырудағы рөліне тоқталып, мұғалімдердің үздіксіз дамуы – елдің болашағына салынған инвестиция екенін атап өтті.

«Сапалы білім – білікті ұстаздың еңбегінің жемісі. Мұндай орталықтар жаңа әдістемелер мен технологияларды енгізуге, педагог кадрлардың әлеуетін нығайтуға үлкен үлес қосады», – деді ол.

Облыста 85 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Солардың біліктілігін арттыру үшін ашылған бұл институт республикадағы ең ірі филиалдардың қатарына енеді. Мұнда 70-тен астам маман жұмыс істейді, ал жыл соңына дейін 11 мыңнан астам мұғалім қайта даярлау курстарынан өтеді. Бұл – еліміздегі жалпы біліктілікті арттыруға қатысатын педагогтердің 16 пайызы Түркістан облысына тиесілі болады деген сөз.

Жаңа ғимараттың ерекшеліктерінің бірі – алғаш рет ашылған мұғалімдерге арналған психологиялық қолдау кабинеті және информатика пәні ұстаздарына арналған робототехника кабинеті. Бұл педагогтердің тек кәсіби ғана емес, эмоционалдық және шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған қадам.

Ашылу рәсімі аясында «Педагогтың үздіксіз кәсіби дамуы: жаңа міндеттер және шешімдер» атты тамыз конференциясы өтіп, онда сала мамандары білім сапасын көтерудің заманауи тәсілдерін талқылады.

«Өрлеу» ұлттық орталығы бүгінде еліміз бойынша 16 филиал мен 3 өңірлік өкілдікке ие. 700-ден астам жоғары білікті қызметкер жыл сайын 100 мың мұғалімді оқытады. Түркістандағы жаңа филиал осы жүйенің маңызды бөлігіне айналып, аймақ ұстаздарының кәсіби өсуіне жол ашпақ.

Ұқсас жаңалықтар

Кеурекке көз алартқандарға тосқауыл бар ма?

berdaly_oraz

Президент Шымкенттегі «Ақжайық» шағын ауданындағы тұрғын үй құрылысымен танысты

berdaly_oraz

Арыс әкімі Қайсар Маңқараев жайлы мектеп құрылысын көріп қайтты

berdaly_oraz