Түркістанда Орталық Азияға балама болмайтын спорттық хаб салынбақ

Түркістан облысында спорт, білім және туризмді бір арнаға тоғыстыратын ірі инфрақұрылымдық жоба қолға алынуы мүмкін. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров инвесторлармен кездесіп, Сарыағаш ауданында ұлттық деңгейдегі спорттық-оқыту және сауықтыру орталығын салу мәселесін талқылады. Жоба жүзеге асса, аймақ еліміздегі ғана емес, Орталық Азиядағы ірі спорттық орталықтардың біріне айналмақ.

Болашақ хабтың басты ерекшелігі – жыл он екі ай үздіксіз жұмыс істеуге бейімделуі. Сарыағаштың климаты мұндай кешен үшін қолайлы саналады. Осы артықшылық кәсіби футбол клубтары мен жас спортшылардың тұрақты жаттығу өткізуіне мүмкіндік береді. Жоба аясында тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи футбол базасы құрылмақ.

Инвестжобада инновацияға да басымдық берілген. Кешеннің инфрақұрылымын жобалау мен басқару барысында жасанды интеллект элементтерін енгізу жоспарланып отыр. Бұл спортшылардың дайындығын, медициналық бақылауды және нысандардың тиімді жұмысын жаңа деңгейге көтеруге жол ашады. Жобаның жеке инвесторы – кәсіпкер Мұхтар Қошқаров. Ол туған өңірінің дамуына нақты үлес қосуды мақсат еткенін жеткізді.

Облыс әкімі бұл бастаманың стратегиялық маңызын атап өтіп, жергілікті атқарушы билік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, жоба спортпен қатар білім беру, сауықтыру және туризм салаларын қатар дамытуға серпін береді.

Жоспарға сәйкес, шамамен 100 гектар аумақта жеті ашық футбол алаңы, бір жабық манеж, футбол академиясы, балалар мен жасөспірімдерге арналған спорттық-сауықтыру орталығы, спортшыларға арналған тұрғын үй, медициналық және оңалту кешендері, сондай-ақ демалыс аймақтары салынады. Бұл жерде отандық кәсіби клубтар мен шетелдік командалардың оқу-жаттығу жиындарын өткізуі көзделіп отыр.

Ұқсас жаңалықтар

Арыста тарихи саябақтар жаңғыртылып жатыр

berdaly_oraz

Сауранда жылына 10 тонна құлпынай өнімін беретін жылыжай бар

Шымкентте автокөлік ұрлаған ұры қолға түсті