Түркістанда полицейлер мектеп оқушыларына құқықтық сауаттылық бойынша дәріс өткізді,-деп хабарлайды Arysinfo.kz.
Түркістанда «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері №33 мектеп оқушыларымен кездесті. Шараның басты мақсаты – жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және құқықтық сауаттылықты арттыру.
Кездесуде Түркістан облысы ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Қуаныш Жұмаділдаев оқушыларға экстремизмнің алдын алу, құқық бұзушылықтың салдары және терроризм актісі туралы жалған хабарлама таратудың жауапкершілігі жайлы түсіндірді.
– Мұндай жалған ақпараттар полиция мен жедел қызметтерді орынсыз әбігерге салып, қоғамдық тәртіпке кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан бұл әрекеттердің салдары ауыр болуы ықтимал, – деді ол.
Сабақ барысында оқушыларға бейнероликтер көрсетіліп, құқықтық тақырыптарда сұрақ-жауап форматында пікір алмасу болды. Жасөспірімдер полицейлерге алғысын білдіріп, мұндай шаралардың маңызды екенін атап өтті.