«Ғажайыпқа толы Жаңа жыл!». Осындай атаумен Түркістан қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің атынан балалардың жаңа жылдық шыршасы өтті. Мерекелік жиынға әлеуметтік осал топтағы балалар мен республикалық, халықаралық олимпиада жеңімпазы болған 200-ден астам бала қатысып, оларға Мемлекет басшысы атынан естелік хаттар мен түрлі тәттілер үлестірілді. Сондай-ақ әр бүлдіршінге оқу құралдарына арналған сөмке, қазақ ертегі кітаптары берілді. Оқуда озат болып, білім олимпиадаларынан жүлде алған бірнеше оқушыға 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталды.

Салтанатты жиында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бүлдіршіндерге ізгі тілегін білдіріп, олардың жарқын болашағы – мемлекеттің басты құндылығы екенін атап өтті.
– Қымбатты балалар! Қадірлі ұстаздар, ардақты ата-аналар! Баршаңызды Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін біз ерекше көңілді мереке – Президент шыршасында бас қосып отырмыз. Мерекені көңілді әрі әсерлі өткізейік. Дәл қазір еліміз бойынша Жаңа жылды өздеріңіздей 6 миллионнан астам бала қарсы алуда. Сіздер жаңа жыл қарсаңында киелі Түркістанның көрікті орындарын аралап, тарихымен таныстыңыздар. Бұл – балалық шақтың жарқын естелігі болып жүректеріңізде сақталсын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Балалар – еліміздің болашағы. Әр баланың бақытты, қауіпсіз ортада өсіп, жақсы білім алу – мемлекеттің басты міндеті» деген болатын. Сонымен бірге Президентіміз биыл «Қазақстан балалары» бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Ал оны іске асыру 2026 жылдан басталады. – деді Нұралхан Көшеров.

Мерекелік іс-шара аниматорлар, қуыршақ кейіпкерлері мен өнерпаздардың балаларды қарсы алуымен басталып, залда қатысушы балалар жаңа жылдық шыршаны айнала қоршап, мерекелік атмосфераға бөленді. Іс-шара барысында театрландырылған қойылым көрсетіліп, балаларға ерекше әсер сыйлады.

Айта кетейік, 2025 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен өңірде «Келешек мектептері» жобасы аясында 29 мектептің құрылысы аяқталып, оқушылардың игілігіне берілген. Өткен жылы 41 мыңнан астам оқушы жазғы демалыс лагерлеріне барып, мәдени нысандарды аралаған. Сонымен қатар облыстың мыңнан астам оқушысы республикалық олимпиадаларда бақ сынап, оның 400-ге жуығы жүлделі орындарды иеленген.
