Түркістанда 25 қазан – Республика күніне орай жастардың азаматтық белсенділігін арттыру мен мемлекеттік қызметке қызығушылығын күшейту мақсатында «Республика жастары: Болашаққа бағдар – Елге қызмет!» атты форум ұйымдастырылды.
Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Алтаев, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департамент басшысы Ардақ Наурызбаев, Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова, сондай-ақ бірқатар жоғары оқу орындарының басшылары мен жас мамандар қатысты.
Форум барысында «Жас мемлекеттік қызметші» мектебінің 2025–2026 оқу жылына арналған жаңа кезеңі ашылып, іріктеуден өткен 25 студентке арнайы белгішелер тағылды. 2018 жылдан бері бұл мектепті 136 студент тәмамдаған, олардың 24-і мемлекеттік қызметте, төртеуі Департаменттің өзінде еңбек етуде.
Ардақ Наурызбаев өз сөзінде өңірде Президенттік және өңірлік кадр резервін қалыптастыру ісі нәтижелі жүріп жатқанын айтты. 2024 жылы 32 жас маман өңірлік резервке қабылданып, олардың 17-сі мемлекеттік органдарға тағайындалған. Сонымен қатар GPA көрсеткіші 3.33-тен жоғары түлектер конкурстан тыс мемлекеттік қызметке қабылданған.
Жас кадрларға қолдау шаралары да сөз болды: «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында Мақтаарал, Төлеби және Отырар аудандарына барған мамандарға жалпы көлемі 1,17 млн теңге біржолғы жәрдемақы төленді.
Мемлекеттік қызметке қабылдау жүйесінің автоматтандырылғаны, яғни «Е-қызмет» порталы арқылы онлайн өтініш беру мүмкіндігі атап өтілді. Бұл тәсіл конкурстың әділдігін және ашықтығын қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар меритократия қағидатының орнығуы нәтижесінде биыл облыста 258 қызметкер жаңа лауазымға тағайындалған, олардың 181-і жоғары қызметке көтерілген.
Форумда мемлекеттік қызметшілерге қойылатын әдеп талаптары түсіндіріліп, Әдеп жөніндегі кеңес мүшесі Жанар Темірбекова жастарды кәсіби этика мен жауапкершілікке баулудың маңызын атап өтті.
Шара соңында қатысушылар жастардың ел дамуы мен мемлекеттік басқарудағы рөлін талқылап, өз ой-пікірлерімен бөлісті.
