ТҮРКІСТАН. Түркістандағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында өткен қабылдауда Түлкібас пен Сайрам аудандарының кәсіпкерлері субсидия, инфрақұрылым және кадр тапшылығы сияқты мәселелерін көтерді. Жиынды облыстық мәслихат және өңірлік кеңес төрағасы Нұралы Әбішов өткізді.
Қабылдауға облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков, тиісті басқарма өкілдері мен құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.
Түлкібастық кәсіпкерлер инфрақұрылым жетіспеушілігі, тарифтер және жеңілдетілген несиеге қол жеткізу мәселелерін көтерді. Мәселен:
- «Виола» ШҚ демалыс аймағын ашуға қажет инфрақұрылымды сұрады;
- «Rafe com» ШҚ жер мақсатын өзгертуге көмек сұрады;
- «KazAgroVision» ЖШС өндірісті кеңейту үшін жеңілдетілген несие алғысы келеді.
Сайрамдық кәсіпкерлер де бизнестегі кедергілерге тоқталды. Атап айтқанда:
- «Kuzov Karabulak» ЖШС 500 дәнекерлеуші мен токарь маманына сұраныс барын айтты;
- «Читилова» ЖК сүзбе мен ірімшік өнімдерін субсидиялауға қолдау сұрады;
- «Қожақорған» ЖШС су үнемдеу технологиялары үшін трансформатор орнатуға рұқсат сұрады.
Нұралы Әбішов кәсіпкерлердің ұсыныстары хаттамаға енгізіліп, жауапты органдармен бірге шешілетінін мәлімдеді.
Палата директоры Асылан Ибадуллаев барлық өтініштер назарда болатынын айтып, әр жобаға сүйемелдеу көрсетілетінін жеткізді.
Кездесуде сонымен қатар Өңірлік кеңес туралы жаңа ережелер мен делегат сайлау қағидаларына енгізілетін өзгерістер талқыланды.