Дүниежүзілік туризм күні мерекесі қарсаңында Түркістан қаласының рухани-мәдени орталығында орналасқан Қолөнершілер қалашығының ресми ашылу салтанаты өтті. Бұл орталық жалпы түркі елдерінің қолөнершілерінің ошағына айналмақ. Биыл Түркістан қаласы халықаралық World Craft Council ұйымының шешімімен «Қолөнершілер қаласы» мәртебесіне ие болды. Осыған орай Түркістанда «Түркістан – қолөнершілер қаласы» атты халықаралық фестиваль ұйымдастырылды.

Халықаралық фестивальге Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай және Ресей елдерінен 100-ге жуық қолөнерші келді. Ал еліміздің әр аймағынан 300-ге жуық қолөнер шебері қатысты. World Craft Council халықаралық ұйымының құрметті елшісі Азиз Муртазаев арнайы келіп, халықаралық ұйымының шешімімен және Дүниежүзілік қолөнер кеңесінің келісімімен қабылданған шешім бойынша Түркістан қаласына «Қолөнершілер қаласы» мәртебесі куәлігін табыстады.

Бірегей нысанның ашылу рәсімінде құттықтау сөзсөйлеген Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қуанышты оқиға Түркістанның туристік әлеуетін көтергенін, қолөнершілер қалашығы Түркістанның түркі әлемінің рухани астанасы ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайта түсетінін айтты.
Облыс басшысы мен қонақтар Қолөнершілер қалашығындағы киіз, жүн түту және тоқыма, керамика, ағаш және былғары тері, кілем тоқу және басқұрлар шеберханаларын аралап, халықаралық және отандық қолөнер шеберлерінің жұмысымен танысты. Сонымен қатар Шығыс базарында қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесін тамашалап, шеберлердің жұмысын жоғары бағалады.

Салтанатты шара аясында 100 керамика шебері біз мезгілде құмыра жасады. Қолөнер бұйымдарының көрмелері, шеберлік сағаттары, ұлттық киімдер мен бұйымдар жәрмеңкесі, мәдени-танымдық және концерттік бағдарламалар көпшілік назарына ұсынылды. «Fashion» этно сән үлгісінің көрсетілімі өтті.

Туристік және мәдени бағыттағы бұл кешен 8 негізгі функционалды бөліктен тұрады. 20 шеберхана, көрме залдары, 2 шоурум, мейрамхана, қонақүй және туристік инфрақұрылымы бар қалашық 2,5 гектар аумақты алып жатыр. Мұнда шеберлер ұлттық нақыштағы бұйымдарын жасап, көпшілікке ұсынып қана қоймай, тежірибе алмасады. Ерекше кешен жеке инвестиция есебінен салынған.

Айта кетейік, Түркістан облысында туризм 3 бағытта дамуда. Тарихи-танымдық, экологиялық және емдік-сауықтыру туризмінің белсенділігі арта түсуде. Биыл облысқа келуші туристер саны көбейді. 6 айда өңірге 1 миллионнан астам саяхатшы мен қонақтар келген. Ал, шетелдік туристердің саны 23 мыңнан асты. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2 есе артқан. Облысқа келуші шетелдік туристер бойынша ТОП-5 мемлекет қатарында Өзбекстан, Ресей, Қытай, Түркия, Қырғызстан бар.
