Түркістанда жаңа медициналық туризм орталығы мен заманауи сауда-ойын-сауық кешені салынады

Түркістан облысында өңірдің туристік және инвестициялық әлеуетін арттыруға бағытталған жаңа жобалар іске асырылмақ. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен сәулеттік жобалар жөніндегі кеңесте жалпы 11 инвестициялық жоба қаралып, олардың сәулеттік шешімдері мен заң талаптарына сәйкестігі талқыланды.

Кеңес барысында өңір басшысы заңсыз құрылысқа жол берілмейтінін қатаң ескертіп, барлық жобаның қолданыстағы талаптарға толық сәйкес орындалуын тапсырды. Оның айтуынша, мақұлданған нысандардың құрылысы тұрақты бақылауда болады.

Жиында Сарыағаш теміржол вокзалы аумағын абаттандыру, «Түркістан – Қарнақ» бағыты бойындағы ашық аспан астындағы археологиялық парк, көне Арбат пен теміржол вокзалы маңын көгалдандыру жобалары таныстырылды.

Сондай-ақ жеке инвесторлар Түркістан қаласында 1,6 гектар аумаққа заманауи сауда және ойын-сауық орталығын, жанармай құю бекетін, автокөлікке кешенді қызмет көрсету орталығын, мейрамхана мен қонақ үй салу жоспарларын ұсынды.

Кеңестегі маңызды жобалардың бірі – құны 4,8 миллиард теңге болатын медициналық туризм орталығы. Жоба толықтай жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылады және Түркістанның медициналық туризм саласын дамытуға серпін береді.

Бұдан бөлек, шығыс сәулеті мен ұлттық нақышты үйлестірген жаңа таунхаус кешенінің жобасы таныстырылып, өңірдің сәулеттік келбетін сақтай отырып салынатыны айтылды.

Барлық мақұлданған жобаларды сапалы әрі заң талаптарына сай жүзеге асыру жауапты мекемелердің бақылауында болады.

Ұқсас жаңалықтар

Украина президенті Ақ үйдегі кездесу туралы айтты

berdaly_oraz

«КЕЛЕШЕК МЕКТЕПТЕРІ»: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 300 ОРЫНДЫҚ ЖАҢА БІЛІМ ОШАҒЫ ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ

berdaly_oraz

Түркістан: Азаматтардың өтініштері мен ұсыныстары тыңдалды