Түркістан қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған «Жұмысшы мамандықтар жылының» қорытындысына арналған салтанатты шара өтті. Игі бастама еңбек адамын дәріптеуге, жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы беделін арттыруға және кәсіби-техникалық білім беру жүйесін жаңғыртуға серпін берді.
Салтанатты жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, колледж студенттері әзірлеген инновациялық жобалар қойылған көрмені тамашалады. Шара барысында бір жыл ішінде үздік нәтижеге қол жеткізген студенттер мен педагогтерге құрмет көрсетіліп, олардың еңбегі жоғары бағаланды.
Бүгінде облыста 50 колледж жұмыс істеп, 75 мамандық бойынша 46 мыңнан астам студент білім алуда. Мемлекеттік тапсырыс көлемі, әсіресе, жұмысшы мамандықтары бойынша жыл сайын артып келеді. X WorldSkills Kazakhstan республикалық чемпионатында Түркістан облысы құрамасының үздік үштікке енуі – кәсіби шеберлік пен адал еңбектің нақты нәтижесі.
Айта кетейік, «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өңірде 6 жаңа мамандық ашылып, колледждерге 15 500 орынға мемлекеттік тапсырыс бөлінді. Оның 8 881-і тікелей жұмысшы кадрларды даярлауға бағытталды. Сонымен қатар облыс студенттері «WorldSkills Kazakhstan – 2025» ұлттық байқауында 4 алтын, 6 күміс, 6 қола медаль иеленіп, республика бойынша үздік үштікке енді. Франциямен бірлесіп ұйымдастырылған «Chocolatine Kazakhstan – 2025» халықаралық аспаздар байқауы да жастардың кәсіби тәжірибесін арттыруға жол ашты.
